• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:35

Мақсаты – Марсты зерттеу

30 рет
көрсетілді

Олар – небәрі 16 жаста. Бірі – «3D» модель жасауды меңгерген, екіншісі – дәнекерлеу мен электроникаға әуес. Сәния Шоқан мен Еңлік Маман биыл Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбын аяқтады. Олар өз қолымен құрастырған марсиандық «LikiSanktum» атты робот макетімен «Kazakhstan Smart Space 2025» халықаралық байқауында жеңімпаз атанды. Жобаның басты мақсаты – Марс бетіндегі жерасты үңгірлерін анықтайтын құрылғы жасау.

«Бастапқыда біз қарапайым камера­мен жабдықталған луноход түріндегі идея­ларды қарап шықтық. Бірақ ол қызық­сыз көрінді. Ерекше, ешкім жаса­маған, нақты зерттеу құралы болатын­дай нәрсе жасағымыз келді. Марс тақырыбын таңдағанда оның атмосферасы, бедері мен зерттеу қиындықтары туралы көп оқыдық. Сол кезде лавалық түтікшелер мен үңгірлер туралы деректерге тап болдық. Олар – вулкан атқылау кезінде пайда болатын жерасты арналары. Осындай үңгірлер болашақ ғарышкерлер үшін қауіпсіз бас­пана бола алады деген ойға келдік», дейді Еңлік.

Қыздар робот идеясын дамытып, сейс­микалық барлау әдісіне жүгінуді ұсынған. Яғни құрылғы жерге соққы беріп, одан таралатын толқындарды тыңдау арқылы астындағы кеңістікті анықтайды. Осындай әдіс арқылы үңгірдің тереңдігі мен беріктігін білуге болады. «NASA және басқа да ғарыш агенттіктерінің материалдарын оқыдық. Ағылшын тіліндегі ғылыми мақалаларды түсініп, салыстырмалы түрде талдауға тура келді. Деректердің көбі нақты емес, тіпті бір-біріне қайшы келетін жерлері де бар. Бірақ біз соның арасынан негізге алуға болатын мәліметтерді жинап, модель жасауда ескердік», дейді Сәния.

Роботтың құрылымын оқушылар өздері құрастырған. «3D» принтерден бөлшектер шығарып, сымдарын жалғап, станоктар арқылы бір-біріне бекіткен. Жобада «3D» үлгілеуді Сәния жасаған, ал электроника мен жинақтау жұмыстарына Еңлік жауапты болған. Бағдарламалау мен қозғалыс функцияларын бірге пысықтаған. «Бағдарламалауды жетік білмесең, робот жұмыс істемейді. Сондықтан код жазу мен электронды бөлшектерді біріктіруді тереңірек меңгере бастадым. Робот алғаш рет қозғалған сәт – біздің ең қуанышты күні­міз болды. Тіпті арнайы кедергі қойып, оған әдейі қақпан орнатып көр­дік», дейді Еңлік Маман.

Қазіргі таңда роботтың механикалық бөлігі ғана сыналған. Ал сейсмикалық датчиктерін қосу келесі кезеңге жоспарланған. Бірақ жоба авторлары байқаудағы ең ауыр сәт – құрылғыны құрастыру емес, жобаны сахнада қорғау болғанын айтады. «Тест барысында қо­балжымадық. Бірақ қорғарда қатты уайымдадық. Қазылар біздің идеямызды түсіне ме, еңбегімізді бағалай ма деген алаң болды. Нәтижесінде, 22 жасқа дейінгі қатысушылар арасында «Макет» аталымы бойынша бірінші орынды иелендік. Бұл біз үшін үлкен жетістік», дейді Сәния Шоқан.

Қыздардың күн тәртібі таңертеңгі 8:15-тен кешкі 18:00-ге дейін сабақпен өтеді. Соған қарамастан, инженерлік жобаларға да уақыт табады. «Бос отырғым келмейді. Энергиям көп, оны пайдалы іске жұмсауға тырысамын. Бұл жобалар – жай хобби емес, өзіңді әртүрлі салада сынап көрудің жолы. Рас, кейде демалуға уақыт жоқтай көрінеді. Бірақ бұл ертеңгі болашақ үшін жасалып жатқан еңбек», дейді Сәния.

«Мен аэроғарыш саласында жұмыс істегім келеді. Робот жасау – арманым. Иә, кейде шаршайсың, ұсақ-түйекке ашуланасың. Бірақ серіктесіңмен сөй­лесіп алсаң, жеңілдеп қаласың. Ал кейде сүйікті дорамамды қарап, бәрін ұмытып кетем», дейді Еңлік.

Жас зерттеушілер ғылымда қыздарға орын жоқ деген ескі таптаурынға үзілді-кесілді қарсы. «Қыздарға бала кезден сенім мен қолдау керек. Олар техникалық саланы таңдаудан қорықпауға тиіс. Себебі олардың идеясы – құнды. Ғылым тек ер балаларға арналмаған. Сабрина Пастерски сынды америкалық физик 16 жасында ұшақ жасап, өзі ұшқан. Осындай мысалдар бізге де жол ашық екенін дәлелдейді», дейді олар.