Биылғы 5 айда Атырау мұнай өңдеу зауытында өңделген көмірсутекті шикізат көлемі осынша межеге жетті. Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишимовтің мәліметінше, жеңіл мұнай өнімдерінің негізгі түрлері бойынша оң динамика байқалады. Дизель отынын өндіру 786,1 мың тоннаға дейін өсті. Бұл – жоспарланған көлемнен 66,7 мың тоннаға (немесе 9%-ға) артық. Осы кезеңде 105,5 мың тонна сұйытылған мұнай газы шығарылып, жоспар 12%-ға артық орындалған.
«Барлық маркалы автомобиль бензинін шығару көлемі 775,2 мың тонна болды. Әсіресе АИ-95 жоғары октанды бензин өндірісінің көлемі 16%-ға өсіп, 140,8 мың тоннаға жетті. Жыл басында 7,8 мың бензол шығару көзделген еді. Бес айда бұл өнімнің өндірісі едәуір өсіп, 24,6 мың тонна болды», дейді Қ.Бишимов.
Бас директордың дерегінше, кәсіпорында мазут өндірісі қысқарған. Бірақ бұл неғұрлым құнды жеңіл мұнай өнімдері өндірісін ұлғайту стратегиясына сай келеді. «Зауытта сапа көрсеткіштері жақсарды. Мәселен, мұнай өңдеу тереңдігі 89%-ға жуықтады. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 77%-ға жетіп, жоспарланған көрсеткіштен асып отыр», дейді бас директор.
Көмірсутекті шикізатты өңдеу саласындағы кәсіпорынның бұрынғы тарифі 1 тонна мұнайды өңдеуге 54 450 теңге еді. 1 мамырда жаңа тариф бекітілді. Енді қосылған құн салығын есепке алмағанда, бір тонна үшін 47 000 теңге болмақ. Бұл бұрынғы тарифтен 7 450 теңгеге арзан. Кәсіпорынға тарифті төмендетудің қандай тиімділігі бар? Біріншіден, мұндай шешім мұнай өндіруші компаниялардың табысын теңестіру үшін қабылданып отыр. Екіншіден, еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауытына мұнай жеткізушілерге бірдей жағдай жасауға әрі экономикалық ахуалды теңестіруге ықпал етеді. Үшіншіден, ішкі нарықтағы мұнай өнімдерін одан әрі нығайтуға жол ашады.
Кәсіпорын баспасөз қызметінің мәлімдемесінде тарифтің төмендеуі АМӨЗ кредиттік міндеттемелерін өтеу кестесін оңтайландыру нәтижесінде мүмкін болды делінген. Қазір зауытта өндіріс қауіпсіздігіне баса назар аударылып отыр. Таяуда «ҚазМұнайГаз» компаниясының 2025–2027 жылдарға арналған өндірістік қауіпсіздік, еңбек және қоршаған ортаны қорғаудың жай-күйін жақсарту жөніндегі жол картасы аясында зауыт қызметкерлері бетпе-бет соқтығысты имитациялайтын құрылғыны сынақтан өткізді.Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі бас техникалық жетекші Арман Димұқашевтің айтуына қарағанда, құрылғы сағатына 10 шақырымға дейінгі жылдамдықтағы бетпе-бет соқтығыс күшіне төтеп береді.
Атырау облысы