Қарағандыда газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Жақын арада қалада 10 мыңға жуық жеке тұрғын үй табиғи газға қосылады. Жоба бірнеше кезеңмен іске асырылуда және әрбір кешен нақты аудандарды қамтиды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биыл төртінші және бесінші кешендерді іске қосамыз. Төртіншісі бойынша шамамен екі мың, бесіншісі бойынша тағы екі мың абонент күтеміз. Жобалық құжаттама түзетілгеннен кейін алтыншы кешен алты мыңға дейін үйді қамти алады. Біз кезең-кезеңмен жұмыс істеп, бір учаскені аяқтап, келесі учаскеге көшеміз. Тұрғындардан сабырлық сақтауды сұраймыз», дейді қала құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Қамалиев.
Айта кетейік, газдандыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. Жобаның бас мердігері – «МБК Құрылыс» ЖШС. Компанияның құрылыс жөніндегі директоры Абай Әлкеевтің айтуынша, барлық жұмыстар бекітілген кесте бойынша атқарылып жатыр.
«Төртінші кешенде (Михайловка – Федоровка) жұмыстың 60% -дан астамы орындалды. Бесінші орында – 95%, қазір іске қосу-баптау және сығымдау жұмыстары жүріп жатыр. Біз отандық өндірушілерді қолдауға тырысамыз. Материалдардың негізгі бөлігі Қарағандыдан сатып алынады - негізінен болат және полиэтилен құбырлар. Мұнда шығарылмайтын жабдықтарды Орал мен Шымкенттен сатып аламыз. Болат құбырлар жоғары қысымды магистральдық құбырларды төсеу кезінде пайдаланылады», дейді Абай Әлкеев.
Құбырлар жер үстімен және көлденең бағытталған бұрғылау әдісімен төселеді. Бұл – жол төсемін бүлдірмей, инфрақұрылымға зиян келтірмей монтаж жасауға мүмкіндік береді. Мердігер компанияда қажетті техника жеткілікті. Төртінші іске қосу кешеніндегі (Федоровка – Большая Михайловка) жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Ал бесінші кешен – Ескі әуежай ауданы – тамыз айының соңында тапсырылмақ. Алтыншы кешенде («Күнгей» және «Таугүл») ауқымды құрылыс күзге қарай басталады. Себебі, газдандыру басталғалы бері бұл аудандарда 1500-ге жуық жаңа үй бой көтеріп, жобалық құжаттамаға өзгерістер енгізу қажет болған.
Тұрғындар үшін орталық газға қосылуды жеңілдету мақсатында Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы арнайы мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді.
«Бастапқы жарнасыз бес жылға бөліп төлеу қарастырылған. Қосылу сомасы бүгінгі таңда миллион теңгеден аспайды, ал ай сайынғы төлем – орта есеппен 18 500 теңгеге дейін. Мердігер төлемді қабылдау актісіне үй иесінің өзі қол қойғаннан кейін ғана алады, бұл сапалы орнатуға кепілдік береді», деп атап өтті Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы директорының орынбасары Әлібек Әденов.
Әлібек Әденовтың айтуынша, бағдарлама аясында биыл 300-ден астам үй газға қосылған. Жылыту маусымы басталғанша бұл көрсеткіш артады деп күтіледі. Келесі жылы кемінде 500 отбасыны қамту жоспарланған. Бағдарлама игілігін көріп отырғандардың бірі – Гүлзия Бошанованың отбасы.
«Өткен жылы қосылу бізге 860 мың теңгеге түсті. Айына 14 500 төлейміз. Бір жылда 76 мың теңгеге газ жұмсадық – бұл көмірден әлдеқайда тиімді. Ал ең бастысы – үйде таза және қауіпсіз: егер бірдеңе дұрыс болмаса, газдың шығуын сезгіш құрал бірден тоқтатады», дейді үй қожайыны.
Газдандырудың алғашқы кезеңі аяқталған соң, жоба ТБӨ, Фин және Пришахтинск ауылдарына жалғасатын болады. Бұл аумақтарда 246 көше мен 15 мыңнан астам үй табиғи газға қосылады деп жоспарланған.