Ақмола облысында бір ауылдық округке қарасты екі ауыл алкогольден бас тартты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Зеренді ауданына қарасты Қанай би округінің екі ауылында тұрғындар өз еріктерімен алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан.
Ауылдық округтің әкімі Медет Ақмағамбетовтің айтуынша, бұл елді мекендерде соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс, отбасылық жанжал немесе ұсақ бұзақылық тіркелмеген.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, округке «Зиялы қауым» бағдарламасын енгізу бастамасын полиция қызметкерлері көтерген. Оны жергілікті билік, тұрғындар мен қоғамдық ұйымдар белсенді түрде қолдаған.
Зеренді аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Ернар Садырбаевтың айтуынша, қазіргі таңда бұл демалыс аймағында 11 ауыл алкоголь сатудан толықтай бас тартқан. Басқа елді мекендердің тұрғындары да осы бастамаға қосылуға ниетті екенін білдіріп отыр. Сондықтан полиция қызметкерінің пікірінше, болашақта мұндай ауылдардың саны едәуір артуы мүмкін.