• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:25

Сәулетті спорт кешені ашылды

20 рет
көрсетілді

Баянауыл ауданының орталығында еуропалық үлгіде жабдықталған жүзу бассейні бар денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Ғимаратқа бір мезгілде 100-ден астам адам келе алады.

Жалпы аумағы 4,5 мың шаршы метрден асатын спорт ғимаратының ерекшелігі көп. Мұнда бокс, күрес, үстел теннисі, волейбол, баскетбол, жаттығу залдары, шағын футбол, стритбол алаңдары бар. Бұған қоса садақ атуға, интеллектуалдық ойынға арналған, тағы басқа да залдар орналасқан. Ең бастысы, ауданның спорттық инфрақұрылымында тәуел­сіздік жылдарынан бері алғашқы жүзу бассейні ашылып отыр. 25х11 көлемді, 4 жолақты бассейн кент тұрғындарының барлығына қолжетімді болады. Оның құрылысына заманға сай материалдар пайдаланылып, еуропалық үлгідегі жабдықтар орнатылған. Су құйылмалы жүйемен үнемі айналып тұрады. Мұндай бассейндер ұзақ жылға шыдайды әрі суға түсушілерге барынша қауіпсіз.

Кешеннің ашылуына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысып, жергілікті жұртшылықты көптен күткен игілікпен құттықтады.

– Ұлылардың мекені, қаймағы бұ­зылмаған Баянауыл жерінде осындай тамаша, заманға сай спорт кешені ашылып отырғанына қуаныштымыз. Ауданның табиғаты сұлу болғанымен, инфрақұрылымын жаңғыртуда шеші­мін күткен мәселелер баршылық. Сол тұрғыда бүгінгі жаңа нысан сол баталы істердің бастамасы ғана. Халқымызда «Туған жерге қамқорлық – ұлтқа қамқорлық», деген қанатты сөз бар. Өңір билігі тұрғындарға берген уәдесін әрдайым орындайды. Осыдан екі жыл бұрын аудандағы жас ұрпақ өкілдеріне спорт кешенін салып береміз деп уәде еткенбіз. Бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз. Жаңа спорт кешені әлемге танымал спорт майталмандарын тәр­биелеп шығарады деген сенімдеміз, – деп атап өтті өңір басшысы.

Әмбебап спорт кешені Ертіс-Баян өңірінде тұңғыш рет ашылып отыр. Құрылысына 2,8 млрд теңге қаражат жұмсалған.

– Мұндай әлеуметтік маңызды жобаны аудан халқы ұзақ жыл күткен еді. Өйткені бұқаралық спортты дамытып, халықты саламатты өмір салтына бау­литын мүмкіндіктер аз болды. Осы олқылықтың орнын толтыратын спорт кешеніне Баянауылға кіре берістен жер таңдалғаны да қуантады. Себебі бұл аумақта спорт нысандары жоқ. Аудан басында бір ғана спорт кешені бар, оның өзі күрес түрлері мен боксқа арналған. Жалпы, спорт мектебінде 600-ден астам бала шұғылданса, енді олардың қатары тағы 200 балаға көбейеді. Суда жүзу, волейбол, баскетбол, шағын футбол, садақ ату секциялары жұмыс істей бастайды. Бұған дейін волейболшыларымыз шағын залда жаттығып жүрген. Олардың арасында бес жасөспірім еліміздің чемпионы. Жүзу спортын дамытуға да мүмкіндік туды. Ауданда бүгінде 9 мыңнан астам адам (тұрғындардың 39%-ы) спортпен тұрақ­ты шұғылданады, – дейді Баянауыл ауда­ны дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліпов.

Қазірде ауданда 15 спорт түрінен үйірме бар. Енді олардың қатары еселене түседі. Жергілікті спорт мектебі спортқа бейім балаларды 6 жасынан қабылдай береді.

 

Павлодар облысы