Елімізде ғылым әлеуетін әлдендіру – дәуіріміздің басты бәйгесі. Ғылымы өркендеген мемлекеттің бүгіні мен болашақ тағдыры жарқын болатынын әркім-ақ түйсінеді. Мұндағы негізгі қадам – нақты әрекет. Ал әрекет тұлғаның өзінен басталады. Осы қағиданы өмір салтына айналдырған жас ғалымдар тобының жемісті нәтижелері әр тараптан сүйіншілей естіліп жатады. Солардың бірі еліміз үшін стратегиялық маңызды сала металлургиядағы ғылымды серік еткен – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, «Металлургия және тау-кен ісі кафедрасының» аға оқытушысы Асылбек Әбдірашит. Ол металлургия саласына инновациялық технологияларды енгізу, нақты өндірістік және экологиялық мәселелерді шешу арқылы импортқа тәуелділікті азайту үшін тер төгіп жүр.
Кейіпкеріміздің ғылымға ынтасы 2012 жылы Қ.Жұбанов атындағы АӨУ «Металлургия» мамандығына оқуға түскеннен ауған. «Жер қойнауындағы кеннің құнды металға айналу барысындағы көпқырлы үдерісі ерекше қызықтырды. Сол себепті мамандығымды тереңірек түсінуге ұмтылып, бакалавриат деңгейінде тоқтамай, магистратурада, содан кейін докторантурада оқуымды жалғастырдым. 2018 жылы Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінде «Металлургия» мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі, биыл PhD ғылыми академиялық атағына ие болдым. Ғылым жолын 2016 жылы Қарағанды қаласындағы Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының «Пирометаллургиялық үдерістер» зертханасының инженері қызметінен бастадым. Жұмыс барысында металлургия саласындағы жаңа технологияларды әзірлеуге, сондай-ақ химия-металлургия институтының ғылыми-техникалық жоспарларына сәйкес еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен шаруашылық келісім-шарттық жұмыстарды орындауға, іргелі және қолданбалы маңыздағы зерттеулерге белсенді қатысып жүрмін», дейді Асылбек.
Қазір ол Қ.Жұбанов атындағы АӨУ қабырғасында марганец шығынын азайту және үдерістің ресурс тиімділігін арттыру мақсатында отандық марганец шикізатынан орташа көміртекті ферромарганецті балқыту технологиясын зерттеумен айналысып жүр.
«Зерттеудің негізгі бағыты – тотықсыздандырғыш ретінде қайта өңделетін силикомарганец пен алюминий сынықтарын пайдалана отырып, оңтайлы шикіқұрам әзірлеуге бағдарланған. Алдымен марганец кенін балқытуға жарамдылығын бағалау үшін физика-химиялық зерттеулер жүргізілді. Әрі қарай термодинамикалық модельдеу арқылы (HSC Chemistry және FactSage бағдарламаларында) марганецтің жоғары шығымын және қож фазасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін шикіқұрамның оңтайлы құрамы таңдалды. Келесі кезеңде қуаты 100 кВА электр доғалы пеште зертханалық және ірі зертханалық балқытулар орындалды, олардың нәтижесі бойынша балқытудың технологиялық регламенті әзірленді. Сондай-ақ ұсынылған технологияның тиімділігін растайтын ферроқорытпа кәсіпорнында өнеркәсіптік сынақтар жүргізілді. Нәтижесінде, марганец шығымы 69%-ға дейін артатын, фосфор азайтып, қождың үгілгіштігін болдырмайтын орташа көміртекті ферромарганецті алудың ресурс үнемдеуші тәсілі әзірленді. Алынған қорытпаның тәжірибелік партиясы құю өндірісі жағдайында 110Г13Л маркілі болатты легірлеу үшін сәтті қолданылды», дейді ол.
Жас ғалым былтыр докторлық диссертация жұмысын қорғау кезінде отандық марганец кендерінен орта көміртекті ферромарганецті балқытудың ресурс үнемдеуші технологиясын әзірлеп, өндіріске енгізген. Оның бұл ғылыми жаңалығы отандық болат және шойын өңдеу цехтарын ферромарганец сұрыптарын көрші елдерден экспорттау тәуелділігінен арылтуға оң үлес болып отыр.
«Елімізде марганец кендерінің қоры абсолютті түрде отандық металлургиялық кәсіпорындарды қамтамасыз етуге жеткілікті, алайда олардың сапасының қанағаттанарлық деңгейде болмауы кендерді пайдалануға кедергі келтіріп отыр. Кен құрамындағы фосфор мен кремнеземге қойылатын талаптармен қатар, темірдің мөлшеріне де шектеу бар. Еліміздегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жоғары сапалы шикізатпен қамтамасыз ете алатын марганец кенін өңдеудің әмбебап интеграцияланған технологиясы жоқ. Қазіргі уақытта елімізде тек ферросиликомарганец өндіріледі, ал төмен және орта ферромарганец өндірісі мүлде жоқ. Бұл ең алдымен жоғары сапалы бастапқы шикіқұрам материалдарының жоқтығынан, сондай-ақ жаңа өндіріс жағдайларына бейімделген теориялық және қолданбалы зерттеулердің жоқтығымен байланысты. Осылайша, орта көміртекті ферромарганецті балқыту үшін сапалы ферросиликомарганец, марганец кендерінің жетіспеушілігі, түзілетін үйінді қождардың (ферромарганец қожы) аймақ экологиясына зиянын азайту және сапалы орта көміртекті ферромарганец өндіру үшін инновациялық технологияларды қолдану мүмкіншілігін қарастырдық. Нақты өндіріс жағдайында әзірленіп жатқан технологияны табысты іске асыру тау-кен металлургия кешенінде отандық марганец кендерін жарату және олардан әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім (орта көміртекті ферромарганец) алу есебінен импортты алмастыру деңгейін арттырады. Сондай-ақ ел аумағында шығарылатын болат пен шойыннан жасалынатын бұйымдардың сұрыпталымын кеңейтеді», деді жас ғалым.
Бұған дейін Асылбек Әбдірашит 50-ден астам ғылыми материал жазған. Оның 30-дан астамы «Scopus» және «Web of Science» базаларына кіретін импакт-факторы бар халықаралық журналдарда жарияланған. Ал ол әзірлеген технологиялар мен ғылыми тәсілдер нақты өндіріс пен оқу үдерісіне енгізілген. 2019–2020 жылдары Ақтөбе өңірлік университетінің «Үздік жас ғалымы» атанған ол республикалық оқу-әдістемелік кеңес мақұлдаған үш оқу-әдістемелік құрал жазды. Оның айтуынша, отандық ғылым тұрақты дамып келеді.
«Әсіресе техникалық және қолданбалы пәндер саласында тұрақты өсім бар. Жарияланым қызметі жандандырылып, зерттеу нәтижелері өндіріске енгізіліп жатқанын айтпай кетуге болмас. Ғылым мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ академиялық ұтқырлықты дамытуға да айрықша ден қою маңызды. Осы ретте мемлекетіміздің жас ғалымдарды қолдауға баса назар аударып отырғаны қуантады. Бұл қатарда конкурстар, гранттар, ғылыми тағылымдамаларды атап өтуге болады. Сондай-ақ нәтижелерді практикалық салаға енгізуге және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі бағдарламаларды кеңейтуге көп күш жұмсалса, құба-құп екенін қаперге салғым келеді», деді А.Әбдірашит.