• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Маман Бүгін, 10:00

Қай мамандыққа сұраныс жоғары?

30 рет
көрсетілді

Өткен айда Enbek.kz электронды еңбек биржасында 86 мың бос жұмыс орны мен 110 мың түйін­деме орналастырылыпты. Алдың­ғы аймен салыстырғанда сұра­ныс пен ұсыныстың азайғаны бай­қалады.

Мамандарға ең көп сұраныс әдетте­гідей білім беру саласына тиесілі. Мұнда 15 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсы­нылған. Сондай-ақ қызмет көрсетудің басқа түрлеріне 10,7 мың, құрылыс саласына 8,5 мың жұмысшы іздеген. Сұраныс негізінен ірі қалалар мен агроөнеркәсіптік аймақтарда шоғырланған. Өткен айда орта білікті мамандардың тапшылығы байқалған. Сұраныс ұсыныстан 16%-ға асып түскен. Сонымен қатар жоғары білікті лауазымдарға жұмыс іздеушілер тарапынан бәсекелестік күшейді.

Жұмыс берушілердің көптігі жөнінен Астана қаласы алда тұр. Елорда жыл са­йын кеңейіп, көркейіп, зәулім ғимарат­тар салынып жатқанын, халық саны кө­бей­генін ескерсек, жұмысшыларға сұра­ныстың көп болуы заңдылық. Электрон­ды еңбек биржасында тіркелген барлық бос жұмыс орындарының 11,5%-ы осы қалаға тиесілі. Астанадан кейін Түркістан (7,5%), Павлодар (7,1%) облыстары тұр. Бірқа­тар өңірде бос жұмыс орындар санының төрттен бірі қысқарған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында – 36%, Алматыда – 35%, Маңғыстауда – 34%, Ұлытауда 25% азайған.

Жұмыс іздеушілердің ең белсенді санаты бұрынғыша 34 жасқа дейінгі азаматтар. Олар барлық түйіндеменің 44%-ын құрайды. Орта жастағы үміткер­лердің түйіндемелері – 37%. Жұмыс іздеушілердің 52,8%-ын әйелдер, 47,2%-ын ерлер құрайды. Жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуі Алматы қала­сында (-28%) байқалды.

Сұранысқа ие мамандықтардың ішінде тәртіп сақшыларына 1,8 мың бос орны ұсынылған. Сол секілді мейіргерлерге 1,7 мың орын, жүргізушілерге 1,5 мың жұ­мыс орны тіркелген. Жалақы жө­ніндегі ең көп ұсыныс тау-кен өнер­кәсібіндегі бас­шының орынбасарына түс­кен. Мұнда жалақы орта есеппен 788 мың теңгеден ­басталады. Сол секілді бас құрылысшыға 662 мың, бұрғылаушы-инженерлерге 605 мың теңге төлеймін деген жұмыс берушілер болған. Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күтетін ұшқыштар екен. Олар орта есеппен 2,3 млн теңгеден жоғары жалақы сұ­райды. IT жобаларды әзірлеу бөлімінің бас­шылығына 1,2 млн теңге, өндіруші саладағы учаске басшылығында 1,1 млн теңге жалақыға жұмыс істеуге дайын азаматтар бар.

Жалпы, кейінгі кезде жұмыс беруші­лер­дің ғана емес, жұмыс іздеушілердің бел­сенділігі төмендегені байқалады. Бұ­­рынғыша жұмысшы мамандық иелері, жүргізушілер, күзетшілер, меди­­­цина қыз­меткерлері сұранысқа ие маман­­дардың алдыңғы шебінде қала береді.