• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 10:15

Өрікпен аты шыққан аудан

20 рет
көрсетілді

Қарадала төскейі тал ексе жайқалып шыға келетін құнарға ие. Ауыл шаруашылығы дақылдарымен қатар, жеміс-жидек, әсіресе, өрік өсіруді атакәсіпке айналдырған шаруа қатары көбейіп келеді. Сары өрік бұл күнде өңір брендіне айналды десек асыра айтқандық емес. Ұйғыр ауданында алғаш рет өңірлік «Apricot Fest» өрік фестивалі өтті. Фестиваль ауданның жазғы туризм күнтізбесіндегі жарқын оқиғаға айналып, фермер, қолөнерші, өңдеу өнеркәсібі өкілдері, туристер мен инвесторларды бір алаңда тоғыстырды.

Аудандағы 4 095 гектар бақ­тың 3 100 гектары өрік бау­ла­рына тиесілі. Жыл сайын мұнда 22 мың тоннаға дейін өнім жиналып, оның 4 мың тоннасы Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан нарығына экспортталады. Қалған бөлігі ішкі нарықта сұранысқа ие. Бүгінде өріктің бір килосы 250–300 теңге аралығында сатылып жатыр.

«Apricot Fest» – экотуризм мен өңірлік экономиканы дамытудың тамаша бастамасы. Бұл – табиғат пен мәдениетті, жергілікті өнім мен бірегейлікті тоғыстыратын алаң. Бастапқы кезеңнен-ақ жоба шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып отыр. Қырғызстан мен Өзбекстан компаниялары фестиваль аясында өнім жеткізу бойынша келісімдер жасады», дейді салтанатты жиында сөз алған Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев.

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова өріктің өңір үшін ерекше рәміздік мәні бар еке­нін атап өтті.

«Өрік – біздің ауданның тек ауыл шаруашылығы өнімі емес, эко­номикамыздың, мәде­ниетіміздің де белгісі. «Apricot Fest» фестивалін жыл сайын дәстүрге айналдырып, өңірге келетін туристер ағынын арт­тырғымыз келеді», деді ол.

Фестиваль аясында түрлі гастрономиялық аймақтар, жер­­гілікті өнімдер жәрмеңкесі, этно-шоулар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

«Ауыл жанданды. Көптен күткен қозғалыс, жаңғыру бас­талды. Келушілер қы­зығу­шы­­лықпен тамашалап, өнімнің дә­мін көріп жатыр. Бізге дәл осын­дай шаралар қа­жет еді», дей­ді тұрғын Равиль Анадуллаев. Фестивальға алыс-жақыннан ағыл­ған меймандар аз болмады. Олар өз кезегінде есте қаларлық ша­ра­ға риза­шылығын білдіріп, сары өрік­тен көптеп сатып алған­­­­дарын да қуана айтып жатты.

Облыстық туризм бас­қар­ма­сының басшысы Қуа­ныш­бек Мирамбекұлының айтуын­ша, келер жылдан бастап «Apricot Fest» фестивалін сәуір айында, өрік баулары гүлденетін кезеңде өткізу жос­парланып отыр. «Өрік гүлдегенде баулар көздің жауын алады. Біз сәуір­­­­­дегі фестивальда турис­­­тер ағыны одан сайын көбейеді деп сене­міз», дейді Қуанышбек Мирамбекұлы.

Алғашқы «Apricot Fest» фес­тивалі тек өнім мерекесі ғана емес, әрі жаңа туристік және инвестициялық бағыт қа­лып­тастырудың бастауына айнал­ды. Өз кезегінде өрік те экспорттық өнім ғана емес, өңір рәмі­зіне, қонақжайлылық пен мүмкіндіктер көрсеткішіне айналары анық.

 

Алматы облысы