• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 17:00

Шымкент соты дәмханаларға қатысты шешім шығарды

10 рет
көрсетілді

Шымкент қаласында сот шешімімен кезінде заңсыз жекешеленіп кеткен жерлер мемлекетке қайтарылып, ал ондағы құрылыс нысандары сүріліп жатыр. Мәселен қаланың қақ ортасындағы «Қиял әлемі» саябағы мемлекетке өтіп, ондағы коммерциялық нысандар заңсыз деп танылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шаһардың көрікті аумағы – Абай саябағында орналасқан бірқатар заңсыз құрылыс нысандарына қатысты да дәл осы секілді сот отырыстары өтті. Бұл жолы да қала әкімдігі тиісті талап арыздар беріп, заң аясында шаралар қабылдануын сұраған.

Талап арызға сай Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2024 жылғы 29 қарашада «Саят» өндірістік кооперативінің «СОХО» кафесін өз есебінен бұзу туралы шешім шығарады. 2025 жылғы 12 ақпанда Шымкент қалалық соты да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырады. Енді биыл мамыр айында қалалық әкімдік пен кәсіпкер сотта татуласып, дәмхананы мемлекет меншігіне өткізу туралы ұйғарым шығарылады.

Абай саябағы аумағында орналасқан «INGOLSTAD» кафесіне қатысты да сот шешім қабылдады. 2024 жылғы 18 желтоқсанда Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты дәмхананы жауапкердің есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы талапты қанағаттандырған болатын. Бұл шешім биыл наурызда апелляциялық сатыда қаралып, өзгеріссіз қалдырылды. Әрі сот алқасы тараптардың медиация тәртібімен татуласу келісімін мақұлдамады. Қазіргі таңда аталған іске байланысты татуласу келісімін бекіту туралы өтініш Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қайта жолданып, іс қаралу үстінде.

Ал, «Колизей» кафесіне қатысты Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен мемлекеттік органғ яғни қалалық әкімдіктің талап арызын қанағаттандырмады. Бұл шешімге қарсы әкімдік тарапынан апелляциялық шағым беріліп, қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.

Өз кезегінде жауапты сала өкілдері аталған сот істері қала аумағындағы заңсыз құрылыстарды жою, қала келбетін сақтау мен жер заңнамасын бұзуға жол бермеу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар екенін жеткізді.

Шымкент