• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Елорда Кеше

Азаматтық белсенділік – тұрақтылық негізі

10 рет
көрсетілді

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын талқылау мақсатында «SARAP» эксперттік клубының отырысы өтті. Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды. 

Қатысушылар екі тақырыптық сессия барысында жергілікті бастамаларды қолдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелерін, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдармен іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру тәсілдерін талқылады. Іс-шараға мемлекеттік орган мен азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен ҮЕҰ мүшелері қатысты.

«Ұлттық құрылтай отырыстарында Президент азаматтық белсенділікті тұрақтылықтың негізі деп бірнеше мәрте атап өтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жаңа сапаға көтеру қажетін алға тартты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл «Халықаралық еріктілер жылы» деп жарияланды. Бұл – волонтерлер қозғалысын халықаралық деңгейге шығарудың бірегей мүмкіндігі», деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова.

Жиында Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани Мемлекет басшысының саяси реформалары туралы пікірін ортаға салды.

«Кейінгі жылдары елде терең әрі тұрақты өзгерістер болып, билік құрылымымен қатар қоғам дамуының негізі де жаңарды. 2022 жылы Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасын жариялап, іргелі өзгерістерге жол ашты. Президент қолындағы шектен тыс биліктен бас тартқаны, суперпрезиденттік басқару үлгісінен ықпалды Парламенті, есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға көшкені – реформалардың іргетасы болды. Осыдан үш жыл бұрынғы референдум нәтижесінде Конституцияның үштен бір бөлігі өзгертілді. Кейіннен ондаған заң мен кодекске түзетулер енгізілді. Осы өзгерістер арқылы билік тармақтарының арасында тепе-теңдік орнатылған, заман талаптарына сай және сын-қатерлерге бейімделген жаңа мемлекеттік басқару үлгісі қалыптасты», деді ҚҚДИ Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани.

Қазіргі заманғы саясат институтының директоры Сергей Коновалов азаматтық сананы жаңғырту мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөліне тоқталды.

«Саяси реформалар мен жалпыұлттық мақсаттардың өңірлік деңгейде жүзеге асуын талқылау – бүгінгі реформалар аясында өзекті мәселе. Азаматтық сананың өңірлерде қаншалықты тез өзгеретіні басты назарда болуы керек. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік басқаруға белсенді тарту маңызды. Олар жоғары құзыретке және белсенділікке ие. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерді салалық ҮЕҰ-да тағылымдамадан өткізу кадр даярлаудың тиімді жолы болуы мүмкін», деді сарапшы.

Басқосуда басқа да қатысушылар баяндама жасап, талқыланған мәселелерге қатысты өз ойын айтып, сұрақ-жауап алмасты.