• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Заң Кеше

Асхат Аймағамбетов: Бақша шаруашылығын дамытуға бағытталған заң жобасы әзірленіп жатыр

20 рет
көрсетілді

Қазақстанда жүздеген мың адам бақша шаруашылығымен айналысып, көкөніс, жеміс-жидек, жидек түрлерін өсіру арқылы жергілікті нарықты табиғи өніммен қамтамасыз етіп келеді. Көпшілік үшін бұл — қосымша табыс көзі ғана емес, отбасын асыраудың маңызды амалы. Алайда бүгінде бақша алқаптарында инфрақұрылым мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Депутаттың айтуынша, көптеген бақша серіктестіктерінде тұрақты суару жүйесі жоқ, жолдар нашар жағдайда, тұрмыстық қалдықтар дер кезінде шығарылмайды. Аталған мәселелерді шешуге жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігі мен нақты жауапкершілігі жеткіліксіз.

– Қазіргі заңнамада бақша серіктестіктерінің құқықтық мәртебесі нақты айқындалмаған. Олардың құқықтары мен міндеттері белгісіз, кооперативтердің қызметі де ашық жүргізілмейді. Мұның бәрі бақшашылардың тыныс-тіршілігіне кері әсер етуде, – деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, азаматтар бақша учаскелеріне салынатын салық мөлшерінің жоғары екеніне, су мен электр қуатының тарифтерінің қымбаттығына, ірі ауыл шаруашылық өндірушілерге ұсынылатын жеңілдіктер мен субсидияларға қол жеткізе алмайтынына жиі шағымдануда.

Осыған байланысты бір топ депутат бақша шаруашылығын қолдауға бағытталған заң жобасын әзірледі. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ұсақ ауыл шаруашылығының бір бөлігі ретінде бақша шаруашылығын заң жүзінде мойындап, оны дамытуға қолайлы жағдай жасау.

– Бақшашыларға қолдау көрсету – бұл мыңдаған қазақстандық үшін табыс көзі, отбасылық кәсіп, еңбекке баулу құралы. Жаз мезгілінде балалар мен немерелердің ата-анасымен бірге бақшада еңбек етуі – тәрбиенің бір мектебі. Бұл ретте бақша шаруашылығын қолжетімді, тиімді әрі ыңғайлы етіп дамыту – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қосылатын үлес, – деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, депутат «Власть» порталына берген пікірінде бақша алқаптарындағы тіркеу (тұрақты тіркеу орны) мәселесі әзірге заң жобасына енгізілмегенін, құжат әзірлеу жұмыстары енді ғана басталғанын нақтылады.