Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Farabi HUB инновациялық даму орталығында TusPark Business Incubator Co. бизнес‑инкубаторы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ғылыми әзірлемелер көрмесімен басталған шара барысында стартап жобалар мен студенттік бизнес‑инкубатор байқауы жеңімпаздарының жұмыстары таныстырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы–ректор Жансейіт Түймебаев бизнес-инкубатордың ашылуында сөз сөйлеп, жоба Президент Қасым‑Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған міндеттемелерді жүзеге асыруға бағытталғанын жеткізді. Жолдауда: «Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек», делінген.
«Бірлескен инкубатор – бұл инновациялық экожүйеге біріктірілген заманауи инфрақұрылымдық-ұйымдастырушылық платформа. Оның қызметі стартаптарды қолдау мен дамытуға бағытталады. Басты назар DeepTech, цифрлық, биотехнологиялық, биомедициналық және «жасыл» технологияларға аударылады. Инкубатор ғылыми әзірлемелерді бизнес-шешімдерге айналдырудағы озық халықаралық тәжірибені пайдаланып, инновациялық жобалардың жаһандық нарықтарға шығуына ықпал ететін болады», деп атап өтті ректор.
Шарада Tus‑Holdings Co., Ltd компаниясының атқарушы президенті Джиншен Чжан бірлескен жобаның технологияларды трансферлеу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және тұрақты бизнес‑модельдерді құруға тиімді платформа болатынын атап өтті. TusHoldings Co., Ltd үшін жаңа кезең – кешенді инновациялық және инвестициялық қызмет көрсететін платформа, ол Цинхуа университетінің (ҚХР) стратегиялық құрамдас бөлігіне айналмақ. Айтуынша, ғылыми және технологиялық жетістіктерді трансформациялау, стартаптарды инкубаторлау және инновациялық таланттарды дамыту миссиясын атқаратын болады. Жаңа бизнес‑инкубатор университет және Қытай ғалымдары арасындағы ғылыми‑инновациялық серіктестікті нығайтатын және кәсіпкерлік бастамаларды қолдайтын маңызды платформа болатыны анық.
Шараға қатысушылар TusPark бизнес инкубаторы, «Қашықтықтан зондтау технологиясы мен оларды қолдану» Қазақстан‑Қытай бірлескен зертханасы және суперкомпьютер кластері қызметімен танысты.
Алматы