• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 17:00

«Орталық Азия – Қытай» форумында 58 келісімге қол қойылды

30 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің соңғы сапарларында қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жалпы сомасы $66,4 млрд болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылып жатыр. ҚХР Қазақстан экономикасындағы ірі бес инвестордың қатарына кіреді – 2005 жылдан бері тартылған инвестиция көлемі $26,4 млрд-ты құраған.

Кеңес барысында Премьер-министр Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған сапары екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Атап айтқанда, Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» форумының шеңберінде $24 млрд-қа жуық 58 коммерциялық келісімге қол қойылды.

«Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін кемінде $150 млрд көлемінде шетелдік инвестиция тарту міндетін қойды. Осы тұрғыда жетекші экономикалық державалардың бірі және біздің негізгі инвестициялық серіктесіміз Қытай елімен толыққанды кооперацияны одан әрі тереңдету – Қазақстанның аса маңызды басымдығы. Сондықтан инвестициялар көлемін арттыру, жаңа бірлескен жобаларды іске қосу, әсіресе шикізаттық емес әрі экспортқа бағдарланған өнімдерді өндіру бойынша жүйелі шаралар қажет. Мемлекет басшысының шақыруы бойынша ҚХР Төрағасының Қазақстанға таяуда жасаған кезекті сапары  екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің жоғары деңгейін дәлелдеп, одан әрі нығайта түсті. Әрбір жобаның жүзеге асырылуы менің тікелей бақылауымда болады, толық қолдау көрсетіледі», деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы жаңа жобалар әлі қолға алынбаған өңірлерге, оныың ішінде Абай, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарына жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Тиісті өңір басшыларына қытайлық серіктестермен өзара іс-қимылды күшейтіп, нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Сонымен қатар, аймақтардың Қытай провинцияларымен байланысын кеңейту үшін өңірлік делегациялардың сапарларын белсенді жүргізу қажеттігіне назар аударылды. Астана, Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарының бастамалары мен қол жеткізген нәтижелері өзге өңірлерге үлгі ретінде көрсетілді.

Мысалы, Алматы облысында «жасыл» энергетика, логистика, агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында жалпы құны $6 млрд-тан асатын жеті келісімге қол қойылған. Ал Астана қаласы, Қызылорда және Түркістан облыстары инфрақұрылым, агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында бастамалар ұсынған.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қол қойылған келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруды, барлық жобалар бойынша жүйелі сүйемелдеу мен үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.