• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:20

Құстың тілі

40 рет
көрсетілді

Құста да тіл бар. Ел арасында «құстың тілін құсбегі біледі» деген сөз бекер айтылмаған. Тәжірибелі құсбегілер тек бүркіт қана емес, әртүрлі құстың сайрағанына құлақ түріп, қандай жағдайда, қандай дыбыс шығаратынын тыңдап, не айтып жатқанын түсінеді. Тіпті бүркіттің аналығы мен аталығын дауысына қарап ажыратады.

Мысалы, жаз жайлау­да ақкөт торғай бүр­кіт сияқты алы­мыр құстарды көре қойып, шы­қылық­тағанда суырлар ініне кіріп кетеді. Яғни ол суырларға «тіл қатып» қауіптен сақтандырады. Бүркітті көрген құзғын құрқылдап даланың жайылып жүрген қоңыр аңы туралы хабар береді. Өйткені оның өзіне тамақ керек. Бүркіттен қалған жемтікті жеп қарқ болады.

Қысқасы, тәжірибелі аңшы­лар, саятшы-құсбегілер түрлі құстардың сайрауынан, яғни қан­дай жағдайда, қандай дыбыс шыға­ратындықтарын болжап, қайда қандай аң кетіп бара жатқанын парықтай білген. Бұл тәжірибелерін шәкірттеріне үйретіп отырған.

Мысалы, Шыңжаң-Алтай өлкесінде тұратын танымал этнограф Нұрила Қызыхан 2010 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Аңшылық хикаялары» атты кітабында: – Әкей үйде отырып «бүркіт кетіп барады» деп сыртқа шығушы еді, – деп жазады. Расында, ауыл маңындағы қырқа-қыраттарды бөктерлей ұшып, бүркіт кетіп бара жататын.

«Әке, сіз үйде отырып, сыртта бүркіт ұшып бара жатқанын қалай білдіңіз?» деп сұрайды қызы. «Назар салып байқасаңыз, даланың торғай, шымшық, сауысқан, қарға сияқты ұсақ құстар құзғын ұшып бара жатса бір түрлі, бүркіт ұшып бара жатса бір түрлі, басқа аң-құс бір түрлі сайрайды. Бұлардың өзара түсінісетін тілде­рі бар. Әлгінде, қарға, сауысқан­дар бүркітті көріп, шуылдап қал­ған сәтте оны естіген түлкі, қоян­дар дереу қалқа тауып жасырынып жатып қалады», деген екен әкесі.

Сол сияқты журналист-зооинженер Сағидолда Көшімбаев «жетісулық атақты бүркітші Әбіл­хақ Тұрлыбаев бірнеше күн сыртта жүріп үйіне оралды» деп жазады. Сол сәтте тұғырда отырған бүркіті иесін көріп, біртүрлі піштәқтап қоя береді. Оның піштәғын  естіген бүркітші «мен кеткелі мына бүркітке тамақ бермегенсіңдер ме, қарным ашты деп айтып жатыр» депті. Яғни иесі құсының «мен ашпын» деген тілін түсінген.

Тағы бір дерек: атақты құс­бегі Шораның бір бүркітін күйеу­баласы қалап алады. Бірақ бұл жігіт бүркіттің бабын таппай қи­найды. Ақыры бір күні ашынған құс өзіне түседі. Оқиғадан хабар алған Шора келеді. Шөкеңді көрген бүркіт біртүрлі піштәқтап мұңын шағады. Құстың тілін түсінген атақты құсбегі күйеубаласына «мына бүркітті неге сабайсың» деп рен­жиді. Сонда барып жігіт «бабын таба алмай сабағаным рас» деп мойындайды. Бүркітке бір қарап, күйеубаласына бір қараған Шора: «мына құс енді саған қол болмайды» деп ұшырып жіберіпті.