Кейінгі жылдары Қызылорда қаласының келбеті өзгеріп, сәулетті нысандар бой көтеріп келеді. Көпқабатты тұрғын үйлермен қатар түрлі ғимарат салынған шаһардағы өзгерісті сырттан келген қонақтар да жиі айта бастағанын байқаймыз. Сырдағы бас шаһардың сән-салтанатына бірқатар әлеуметтік нысанның салынуына себеп болған жергілікті меценаттардың да үлкен үлес қосқанын айта кетейік.
Дегенмен ай сайын өзгеріп келе жатқан қала келбетіне көлеңке түсіретін жағдайлар да аз емес. Мысалы, осы күні айналасындағы атшаптырым аумақ қоршалған көп ғимараттың жанынан жүру мүмкін болмай қалды. Кейбір мейрамханалар мен дәмханалар иелері жаяу жүргіншілер жолын «басып» алып, басқалар үшін бас ауырта қоймайтынын, біреудің құқына қол сұғудан қысылмайтынын танытты.
Осыдан да облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп, шаһардың көркін бұзатын заңсыз құрылыстарға қатысты нақты тапсырма бергеніне қуанғандар көп болды. Тапсырмаға сәйкес облыс аумағында рұқсатсыз салынған құрылыс нысандарын анықтап, заң аясында тиісті шаралар қабылдау үшін арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастап кетті.
Қала әкімдігі мен тиісті мекемелер өкілдерінен жасақталған комиссия жүргізген тексерістерге тұрғындар да белсене қатысып келеді. Осы арқылы сәулет талаптарын сақтамау, тротуарларды заңсыз қоршау, абаттандыру қағидаларын бұзу сияқты заңбұзушылықтардың бірқатары анықталды.
Қаланың қақ ортасындағы Желтоқсан көшесіндегі №22 үйдің 17-18-пәтерін тұрғын емес үй-жай ретінде тіркеп, дүкен ашуға рұқсат алғандар жобадан ауытқып, тротуарды заңсыз қоршап, мемлекеттік жерді иемденіп келген. Комиссия мүшелері жаяу жүргіншілер жолын тарылтып, санитарлық талаптарды бұзған нысан иесіне қоршауды алдырып, құзырлы органдар заңға сәйкес тиісті шарасын қабылдайтын болды.
Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше, облыс орталығында 158 нысан тексеріліп, тиісті орындарға 95 ғимарат иесіне шара қолдану жөнінде ұсыныс беріліпті.
«Тексеру кезінде бұрын жұмыс істеп, кейін өртеніп кеткен «Нұрмағанбет» дәмханасының орнына заңсыз салынып жатқан дәмхана анықталып, облыстық мемлекеттік сәулет және қала құрылысы басқармасына хат жолданды. Қала орталығындағы «Сохо» мейрамханасының терраса құрылысында да ешқандай талап, ереже сақталмаған. Кәсіпкер ғимаратын рұқсатсыз кеңейткен. Мейрамхана басшылығына ескерту беріліп, шаралар қабылдау үшін тиісті орындарға хабарлама берілді. «Loft» мейрамханасының иесі жанындағы «Veranda» көше дәмханасын салу үшін құрылыс тұрмақ, жердің де құжатын рәсімдемеген. Кәсіпкерге заңға сәйкес тиісті шаралар көрілді», дейді қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Сырлыбаев.
Әлеуметтік желідегі осы мәселеге байланысты жазбалар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мысалы, жақында белсенді қала тұрғыны Абай даңғылы бойында аяқжолдың біраз бөлігі экономикалық тергеу департаменті ғимаратына салынып жатқан қоршау аумағына еніп кеткелі тұрғаны жайлы жазба қалдырыпты. Бұған облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жедел жауап беріп, облыс басшысының тұрғындар жолын тарылтып, қала келбетін кетіретін нысандарды бұзу туралы қала әкіміне тапсырма бергенін хабарлады. Қала ғана емес, аудандарда да заңсыз құрылыстарды тексеретін комиссиялар құрылған. Комиссия мүшелеріне тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу тапсырылыпты.
Бұған қоса қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі айналасын ластап, нысандарды пайдалану талаптарын сақтамайтындармен де күресті жалғастырып келеді. Осы бағытта да жұртшылық тарапынан қолдау аз емес. Бұл – заң мен тәртіптің баршаға ортақ міндетке айналып келе жатқанының айқын көрінісі.
Қызылорда