Алматыда М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен «Қаныш Сәтбаев руханияты» атты ғылыми-теориялық конференция өтіп, белгілі ғалым, академик, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың академиялық бес томдық шығармалар жинағы таныстырылды.
Қаныш Сәтбаевтың мұрасын жүйелеп, жаңа ғылыми айналымға енгізу жолында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары дайындаған бұл еңбек – академиялық деңгейдегі мазмұнды, салмақты жинақ. Онда ғалымның геология-минералогия салаларындағы зерттеулерімен қатар, публицистикалық және ғылыми мақалалары, сирек кездесетін суреттері мен мұрағаттық құжаттары топтастырылған.
Тұсаукесерге еліміздің ғылым, білім, мәдениет саласының танымал өкілдері, ғалымдар мен зерттеушілер, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Шараны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов жүргізді. Кенжехан Ісләмжанұлы «Ұлттық рухты өрлеткен ұлы тұлға» атты кіріспе сөзінде Қаныш Сәтбаевтың ұлттық рухты биіктеткен тұлғалық болмысына кеңінен тоқталып, ғалымның қазақ әдебиетіне, әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі туралы жан-жақты баяндады. Сонымен бірге академиялық жинақтың ерекшелігі мен ғылым үшін маңызын атап өтті. Салтанатты жиында бірқатар мазмұнды баяндамалар оқылып, Қ.Сәтбаевтың сан қырлы еңбегі жан-жақты талқыланды.
Атап айтқанда, «Қаныш – қазақ руханиятының қамқоршысы» – Парламент Сенатының депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы, «Ұстаз ұлағаты» – ғалым, техника ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Сұлтанбек Қожахметов, «Қаныш Имантайұлының геология саласына қосқан үлесі» – мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы Серікбек Дәукеев, «Инженерлік ой-сана және ұлттық рух» – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Сыдықов Ұлықпан, «Қаныш Сәтбаев және ұлттық сананың жаңғыруы» – геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Байбатша, «Қаныш Сәтбаев планетасы» – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, «Қаныш Сәтбаев және қазақтың музыкалық мұрасы» – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, музыкатанушы, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман баяндама жасады. Қаныш Имантайұлының қазақ ғылымы мен ұлт руханиятын өркендетудегі ерен еңбегіне тоқталып, ғалым жинастырған бірнеше әнді орындады.
Шараның келесі бөлімінде «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов, белгілі композитор, публицист, қоғам қайраткері Ерулан Канапьянов, Қаныш Имантайұлының туған жерінен арнайы келген «Академик К.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің» басшысы Қайыргелді Әбілғазин құттықтау сөз сөйлеп, бес томдық жинақтың жарыққа шығуы – ел руханияты үшін үлкен олжа екеніне назар аударды. Конференцияда “Қазақстан ғылымының тарихы” музейі және Орталық Ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен Қаныш Сәтбаев өмірі мен шығармашылығына арналған көрме көрсетілді.
Шара аясында Сенат депутаты, академик Алтынбек Нұхұлы Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын зерделеуге елеулі үлес қосқан М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Ісләмжанұлына, академик Сұлтанбек Мырзахметұлына, философ-ғалым Ұлықпан Есілханұлына және геология ғылымдарының докторы Әділхан Бекділдаұлына «Қаныш Сәтбаев медалін» салтанатты түрде табыстады.
Жарыққа шығып отырған академиялық жинақты дайындау барысында ғалымдар тарапынан текстологиялық зерттеулерге айрықша мән берілген. Ғалымның бұрын жарық көрген еңбектері алғашқы нұсқаларымен салыстырылып, түрлі басылымдарда кеткен ауытқулар мен бұрмаланған тұстар мұқият сараланып, қалпына келтірілді. Бұл жинақта Қаныш Сәтбаевтың ғылыми стилі, авторлық баяндауы мен тілі барынша сақталып, ұсынылған.
Нұр Мағазбек,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының қызметкері