Астанадағы Millennium Park тұрғын үй кешенінде 22 маусым күні кешке ауыр қылмыс жасалды. 21 жастағы ер адам бұрынғы қызына шабуыл жасап, оны пышақтап өлтірді. Оқиға барысында марқұмның кәмелетке толмаған інісі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz «kriminal kazakhstan» арнасына сілтеме жасап.
Көршілердің айтуынша, қыз пәтерден пышақ жарақаттарымен табылған. Оқиға алдында пәтерден қатты шу естілген. Осыдан кейін күдікті көшеде жүрген адамдарға пышақпен шабуыл жасап, марқұмның кішкентай інісін жаралаған. Жасөспірім кейін балалар алаңында пышақ жарақаттарымен табылып, ауруханаға жеткізілді.
Хабарламада айтылғандай, шабуылдан кейін қаскөй марқұмның пәтерінде тығылып қалған. Полиция келген кезде 21 жастағы ер адам өз еркімен берілген.
Астана қалалық полиция департаменті бұл факт бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалғанын, күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
«Полицияға тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен пышақ жарақаты бойынша хабарлама келіп түсті. Оқиға орнынан зорлық-зомбылық белгілері бар қыздың мәйіті табылды. Сонымен қатар оның кәмелетке толмаған інісі де зардап шекті, ол пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», делінген ведомство хабарламасында.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.