• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 12:03

Үкіметте дәрі-дәрмек өндірісін кеңейту жобасы талқыланды

40 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысы аясында Polpharma Group бақылаушылар кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен кездесті. Кездесу барысында тараптар фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Polpharma Group құрамындағы Santo компаниясы Шымкент қаласындағы «Химфарм» АҚ өндірісін кеңейтіп, жылына 2 миллиард бірлікке дейін дәрілік заттар шығаруды жоспарлап отыр. Жоба аясында 62,6 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынып, 300 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Даму басымдықтары ретінде туберкулез, созылмалы вирусты С гепатиті, бауыр циррозы, онкологиялық аурулар, диабет, психикалық және жүйке жүйесі аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты әлеуметтік маңызды дерттер таңдалған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісін дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл бағытта біз дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың отандық өндірісі үлесін арттыруға ұмтылып келеміз. Фармацевтикалық өнім өндірісін локализациялауды ынталандыру шараларын жүзеге асырып жатырмыз. Медициналық технологиялар трансферті және импортты алмастыру, ғылыми және экспорттық әлеуетті дамыту басым бағыт саналады. Қазақстан Үкіметі әлеуметтік маңызды өндірістердің осындай ауқымын жүзеге асыруға мүдделі және инвестициялық жобаны уақтылы іске қосу үшін қажетті қолдау шараларын қамтамасыз етеді», деді Олжас Бектенов. 

Айта кетейік, жаңа өндірістік кешен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталады. Компания өкілі Ежи Старак Қазақстандағы инвестициялық климатқа жоғары баға беріп, өндірілетін өнім халықаралық стандарттарға толық сай болатынын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдірді. Сонымен қатар, Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне және Шымкент қаласының әкімдігіне инвестициялық келісім жобасын қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырды.