Жақында АҚШ-та халықаралық роботтехника чемпионаты өткен болатын. Осы сайысқа Орал қаласындағы НЗМ оқушылары қатысып, жүлдегер атанды.
Массачусетс штатындағы Вустер қаласында орналасқан «Worcester Polytechnic Institute» базасында өткен «WPI Annual FLL Event» (WAFFLE) атты халықаралық роботтехника чемпионатына қатысушылар әлемнің 108 елінен келіпті. 650-ге тарта команда қатысқан сайыста әр команда өз жобасы мен инновациялық идеясын ортаға салып, ең мықтыны анықтаған.
– Осы байрақты бәсекеде Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары құрған «Tidal Tumble» командасы «Engineering Excellence Awards» аталымында 2-орын алып, жүлдегер атанды. Бұл – тек мектептің ғана емес, тұтас Қазақстанның жетістігі! – дейді аталған мектептің баспасөз хатшысы Гүлназ Нұғманқызы сүйінші хабарды жеткізіп.
Құрамында Әлихан Серік, Тайыр Назар, Әділет Сейтенов, Ілияс Серіков, Тайыр Уәшев, Нұрымхан Беркін, Әділхан Серіков, Фаррух Төреқожа, Азат Әбдірахманов сынды жас зияткерлер бар оралдық команда «Agua Aeris» атты ауадан су өндіретін құрылғыны жаһандық ғалымдарға таныстырған. Сөйтіп, ел намысын қорғай отырып, қазақ жастарының ақыл-парасатын, білімін және инженерлік қабілетін әлемге әйгіледі.
«AquaAeris — бұл ауызсу тапшылығы мәселесін шешуге арналған инновациялық жоба. Құрылғы ауадан ішуге жарамды суды өндіре отырып, әлемнің кез келген нүктесінде сенімді әрі экологиялық таза су көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл құрылғы ауызсу тапшылығы мәселесін шешуге көмектесіп, суасты әлеміне түсетін жүктемені азайтады», дейді команданың ғылыми жетекшісі Армат Болатұлы.
Осылайша, оралдық зияткерлер робот құрастырып, жоба қорғап қана қоймай, Қазақстанның атын жер-жаһанға танымал етті.
Батыс Қазақстан облысы