Кейінгі бірнеше онжылдықта Орталық Азияда орнаған қолайсыз климат пен су тапшылығы топырақ пен су эрозиясын күшейтіп, жайылым әрі шабындық жерлерді тоздырып жіберді. Бұл ретте отандық экологтер мен ғалымдар қол қусырып, қарап отырған жоқ. Таяуда Ақтөбе облысында құнары кеміген 2 500 гектар жерді тыңайту жұмысы басталды. Тың бастаманы Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы мен БҰҰ жанындағы «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы» жүзеге асырады.
Ерек жоба Ақтөбе өңіріндегі Мұғалжар мен Әйтеке би аудандарында қолға алынды. Әйтеке би ауданындағы Аралтоғай елді мекенінің айналасын Арал теңізінің табанынан көшкен құм басып, топырақ құнары азайған. Төрт түліктің қыс азығын дайындау үшін шаруалар иен даланы шарлап, шөп іздеп кетеді. Тозған жерді тыңайту мақсатында 500 гектар жерге еркекшөп пен жоңышқа тұқымы себілмек.
«Жайылым жер бар, шабындық аз. Бізге керегі – көпжылдық шөптерді егіп, мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың мәселесін шешу. Жоба аясында шаруалар тозған жерді қалыпқа келтірудің заманауи әдіс-тәсілін үйренеді. Ол үшін фермерлік дала мектептері құрылып, агроорман мелиорациялық жүйелерін қалыптастыруға қатысты білім беру бағдарламасы әзірленеді», деді аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.
Фермерлік дала мектебінің ұлттық үйлестірушісі Талғат Кертешевтің айтуынша, шаруа қожалықтарына жайылымды қалай дұрыс басқару керектігі үйретіледі.
«Алқаптың өнімділігін сақтап, содан кейін оны деградацияға ұшыратпау әдістері туралы дәріс жүргіземіз. Басқа да оқыту модульдеріміз бар. Соларды негіз етіп бірқатар мақсат-міндеттер жүктеп отырмыз», дейді.
Тозған жайылымдар мен шабындықтарды қайта қалпына келтіруге білікті мамандар жұмылдырылады. Мысалы, Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің агрономия бойынша арнайы пәндердің оқытушысы Гүлнар Ещанова білім ордасы жанындағы 20 гектар жерден 20 жылға жуық уақыттан бері мол өнім алып келеді. Ол ғылым мен тәжірибені ұштастыра отырып, жиған-терген мол білімін шаруалармен бөлісуге дайын. «Қылтықсыз арпабастың тұқымын шашып, көбейту керек. Екпе ағаштарды отырғызып, жел эрозиясы мен су эрозиясына қарсы көпжылдық дақылдарды өсірген дұрыс», дейді маман.