Шымкент қаласының Жүрек орталығында үшінші рет жүрек алмастыру операциясы өтті. Донорлық жүрек мегаполисте мұғалім болып жұмыс істейтін 41 жастағы азаматқа салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Науқас 2012 жылдан бері жүрек жеткіліксіздігі ауруының ең ауыр түрімен ауыратын еді. Донорлық орган Тараз қаласынан 1.5 сағат ішінде жылдам жеткізілді.
Дәрігер мамандар донорлық органды алу, оны тасымалдау, жүректі ауыстыру операциясы барлық медициналық әрі этикалық талапқа сай жүргізілгенін айтты. Күрделі отаның сәтті өтуіне қалалық денсаулық сақтау басқармасы, жоғары санатты дәрігер-кардиохирург Дархан Сүйгенбаев оның Тараз қаласындағы әріптестері, UMC командасы көп күш салды. Бұл кәсібиліктің, сапалы қызмет пен үйлесімді жұмыстың нәтижесі дейді мамандар.
Орталықтың бас дәрігері Д.Сүйгенбаевтың айтуынша жүрек органын алмастыру Қазақстандағы трансплантология саласының маңызды даму кезеңі болып саналады. Сонымен қатар, орган алмастыру бойынша өңірлер арасындағы медициналық ынтымақтастықты арттырып отыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мәйіттен алынған жүрек трансплантациясы Шымкентте үшінші рет жасалып отыр. Бұған дейін Жүрек орталығының білікті дәрігерлер командасы екі рет ағза алмастыру отасын сәтті өткізіп, қос науқасқа жаңа өмір сыйлаған болатын.
Жүрек орталығының жетістігі бір бұл емес. Мұнда 21 науқасқа жасанды жүрек қойылды. Ондай ота тек Астана мен Шымкентте ғана жасалады. Сондай-ақ орталық әлемнің ең заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Әлемде жүрек ауруын емдейтін қандай жаңа тәсілі шықса, орталық мамандарды соны оқып, тәжірибені өздеріне енгізеді. Медицинада кардиология саласы үш бағытты аритмия, интервенция, кардиохирургияны қамтыса, орталықта сол үш бағыт бойынша да науқастарды жаңаша емдеу қарастырылған.
Шымкент