• RUB:
    6.61
  • USD:
    518.5
  • EUR:
    601.62
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:30

Сарыағаштың суы сарқылмай ма?

30 рет
көрсетілді

Тәңірім адам-пенде қарекетіне жаратсын, қиналмай қарпып ішіп-жесін деп, жердің асты-үстіне мол қазынаны берген-ақ қой. Ақиқатына келсек, сол байлықтың кейбірінің түбі көріне бастағаны рас. Бізде ғана емес, төрткүл дүниеде де.

Әсіресе су мәселесінің түйіні шие­ленісіп бара жатқаны шындық. Бұл туралы Мемлекет басшысы айтудай айтып келеді. Арнайы министр­ліктің шаңырағын көтеріп, жұрт ісін жұмылып істеуге жол ашты.

Емдік қасиеті бар шипалы сулар қазақ топырағында да баршылық. Соның бірегейі Оңтүстіктегі – Сарыағаш шипа суы. Оның бағасына жеткен ұлт жақсыларының сөздері көкейде сыңғырлап тұр. Халқының адал ұлы Бауыржан Момышұлы жыл құрғатпай Сарыағашқа барып тұрған. Қарапайым бөлмеде, қарапайым адамдардың қатарында жататын болған.

Қара сөздің хас шебері, классик жазушы Мұхтар Әуезов: «Бүкіл одақ көлемінде жерден шыққан минералды сулар көп болғанмен, Боржомға жетер су жоқ. Сарыағаштың суы сол Боржомнан дәмділігі жағынан да, емділігі жағынан да артық болмаса кем емес» деп шындықтың шырайын кіргізіп айтқан.

Бір замандары «Сарыағаш» деп аталған бір ғана шипажай болса, қазір түрлі керемет аттарды маңдайшасына жарқыратып жазып қойған сексенге таяу шипажай жұмыс істейді екен. Бұған қоса, дүкендерде самсап тұрған газды, газсыз «Сарыағаш» сулары және бар. Сонда бәріне Сарыағаштың емдік суы жетіп жатыр ма? Ол бір кездері сарқылып қалмас па екен? Кемері төмендеп, тіпті тартылып жатқан өзен-көл, бұлақ аз ба?

Иә, сапасы сын көтеріп, көкейге күдік келтірмесе, көптен пайда болмаса, зиян жоқ екені белгілі. Дегенмен кейбірінде сапа сан соқтырып, тамағы татымсыз, қызмет көрсету жағы ақсап, қара дүрсін қалыпта қалатыны қалай? Қазір бағасы байыпты, қызметі жүйелі өзбек ағайындардың Сарыағашпен қатар жат­қан ши­пажайлары, емдеу орындары аңызға ай­налып бара жатқандай. Ағайындар солай қа­рай ағыла бастады. Барып қайтқандар дән риза. Бұл кімді де болса ойландыруға тиіс секіл­ді.

Біздегі әлгі сапа жайы ойыңды онға бөледі, санаңда саққа ойнатады. Неге дейсіз ғой, Сарыағаштағы біраз шипажайдың жарнама сөзі «жарылқайды». Сеніп барсаң, кіріптар болып кіресің. Бақылап қарасаң, сөз бен іс дерлік үйлесе бермейді. Қалтаңды қағып келіп, емге барсаң көбі – ақылы. Бұл қалай десең, алғашқы «шапағат» шаңға көміліп, жеке екенін алға тартып, баға белгілеу еркімізде дейді. Тексере де, тексерте де алмайсың, заң талабы солай. Құқығыңды айтсаң: үйдей уәж алдыңнан шығады, нарық ісі солай деп беттетпейді. Оу, нарық талабы бәсеке, жұртқа мінсіз қызмет емес пе десең, оны да құлаққа іле бермейді. Аз-кем бақылайтындардың буыны бос көрінеді. Оларға әр жақтан келген ем алушылардың мүддесі емес, «жақынның» мүддесі қымбат.

Шипажайдың бәрінде шипа «су» ағыл-тегіл. Көк теңізді көре алмайсың, сонда сексендей шипажайға шипа су қалай жетіп жатыр дейсің? Күмән, күдік мазалайды, қолдан келер дәрмен жоқ. Он күнді өткересің. Кетесің.

Жалпы, Сарыағаштың басты емі – cуы. Басқасын басқа жерден де алуға болады. Сондықтан көп жағдайда бастау басы анық­талған, іргетасын Д.Қонаев қалаған кәсіподақтың шипажайындағы шүмек суынан үш мезгіл шөл қандыруға мәжбүрсің.

Қалай десек те, қасиетті судың емдік қасиетін шипажайдың санымен емес, сапасымен өлшеп, сол бойынша халыққа қазмет көрсетуді қатаң қадағалап, талапқа сай емес, теңге құрауды ғана мақсат еткендерді анықтап, тиісті бағасын беріп отыру керек деп білеміз. Жұртқа қызмет етуді нарық деген желеумен бүркемей, жаны ауырғандарға адал ниетпен жағдай жасаса, шипажай иелері алғысқа кенеліп, табыссыз да қалмасы анық. Олай жасамағандарға айыппұл арқалатып отырса, қисық жол түзу жолға ұласпақ.

Сөз түйіні, Сарыағаштың шипалы суын да сарқып алып жүрмесек екен. Ертеңін ерте ойлайтын ұлт ретінде осыны да көкей таразысында теңдеп, жан-жақты сарапқа салсақ, сөйтіп, кемел шешімге ұйтқы болсақ, келешекте ұтылмас едік.

 

Сүлеймен МӘМЕТ