Ертіс-Баян өңірінде интернеттегі алаяқтыққа қатысты қылмыстық көрсеткіш уақыт өткен сайын үдеп келеді. 2022 жылы мұндай 404 дерек тіркелсе, биыл жыл басынан 900-дей адам қаскүнемдердің құрбаны болған. Мамандар елу жастан асқан адамдар құрыққа жиі түсетінін айтады.
Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі киберқылмыс саны 2023 жылы 10 есе өсіп, антирекорд орнатқан. Интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың күн сайын жаңа түрі шығады. Күмәнді ресурстарда жарқ етіп шыға келіп, көзді арбайтын түрлі жалған «инвестициялар» мен алаяқтардың одан өзге де айла-шарғыларына халықтың иммунитеті қалыптаспай отырғаны анық.
Павлодар облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Медеу Бейсенбайдың айтуынша, интернеттегі алаяқтық – елімізде ғана емес, әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігін алаңдатып отырған өзекті мәселе. Бұрындары қылмыстық істер тізбесінде тонау, ұрлық деректері жиі тіркелсе, кейінгі бірнеше жылда бұл тізімде киберқылмыс көш бастап тұр.
– Алаяқтардың еліміздегі белсенділігі 2020 жылдан бері анық байқала бастады. Естеріңізде болса, әлемді жайлаған коронавирус пандемиясында көпшілік әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге иек артты. Яғни әлеуметтік мессенджерлер күрт дамығалы интернет алаяқтық одан қалысар емес. Ең көбі оlx.kz, krisha.kz, kolesa.kz сияқты жарнамалық-сатып алу платформалары мен қосымшаларда тіркеледі. Тауарға алдын ала тапсырыс беріп, ақшасын толық жіберіп қою деген теріс үрдіс қалыптасқан. Адамдар көбіне содан алданатынын байқаймыз. Әлеуметтік желіде ашылып жататын түрлі жарнамалық парақшаларын бақылау мүмкін болмай бара жатыр, – дейді маман.
Мәселен, жақында облыс орталығында тұратын 20 жастағы қыз алаяқтың құрбаны болғанын айтып, құқық қорғау органына жүгінген. Ол «Iphone» маркалы қымбат телефонды арзанға саудалап отырған парақшамен байланыс орнатып, алдын ала толық төлем жүргізген. Парақша иесі келесі күні қызды бұғаттап тастайды, ал ақша қайтарылмаған. Сан соғып қалған сатып алушы өзінің алданғанын түсінеді. Алаяқтар жұртты алдап алған қаражаттарын көбіне дропперлердің шотына аударады екен. Дропперлер – алаяқтар ұрлаған қаражатты жасыруға және қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін адамдар. Олар – көбіне жастар, студенттер. Белгілі бір банктен ашқан шотын алаяқтарға сатып жібереді немесе шотты пайдаланғаны үшін олардан комиссия алып тұрады. Ал әлгі шоттағы ақша көп ұзамай шетелдік өзге шоттарға аударылады. Жыл басынан Ертіс-Баян өңірі бойынша 20 дроппер анықталып, жазаға тартылған. Мамандар интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп отыратынын айтады.
«Тәртіп сақшылары күн сайын заңсыз контенттерді анықтау мақсатында интернет желісіне мониторинг жүргізіп, күмәнді сайттар мен сілтемелерді киберқадағалау жүйесіне енгізіп жібереді. Сараптама көрсеткендей, 50-ден асқандар жалған ақпаратқа, алаяқтардың қитұрқы әңгімелеріне сенгіш келеді. Бұл жерде кең таралған алаяқтық жүйелерді айтып өтейін. Ең әуелі «Sim-картаңыздың қолданылу мерзімі аяқталғалы тұр екен. Егер әрі қарай қолданамын деп шешсеңіз, телефоныңызға келген кодты айтып жіберіңіз»» деп хабарласатын қаскүнемдер көп. Енді біреулерге емханаданбыз, тіркеуді растау үшін код жібереміз дейді. Ал соңғысы поштадан сәлемдемені алу немесе үйіңізге жеткізіп беру үшін деп құпия сөзді сұрайтындар бар. Ойларында ештеңе жоқ сенгіш адамдар 1414 бірыңғай нөмірінен келетін құпия сөзді айтып қояды. Бірақ мәселе мұнымен тынбайды. Арада біраз уақыттан соң оларға полиция, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық банктің атын жамылған әлдебіреулер телефон шалады. Әлгілердің айтатыны: «Алаяқтарға алданып қалыпсыз, құпия сөзді айтпауыңыз керек еді. Енді мойныңызға бәленбай миллион несиені артып қойған. Шұғыл түрде мұны қауіпсіз шотқа аудармасаңыз немесе қарсы несие рәсімдемесеңіз, жағдайыңыз қиындайды». Ашық күні түскен жай отындай мұндай жайсыз хабар аңқау адамдарды бірден психологиялық күйзеліске ұшыратады. Телефонның арғы жағындағы адамның барлық айтқан пәрмендерін орындап, жағдайын одан сайын күрделендіріп жатқанын білмей де қалады. «Арнайы операция жүргізіп жатырмыз», «Мұны екеуімізден басқа адам білмеуі керек» деген айла-шарғылар қарт адамдарды психологиялық тұрғыдан тәуелді ететінін байқаймыз», деп әңгімесін жалғастыра түсті М.Бейсенбай.
Таяуда Павлодарда тұратын 60 жастағы зейнеткер өзінің өмір бойы банкте жинаған 40 млн теңгесін алаяқтарға оп-оңай аудара салған. Барлығы қарапайым Sim-карта әңгімесінен басталып, депозиттегі ақшасын үптеп болған соң алаяқтар ең соңы зейнеткердің атындағы пәтерді де сатып жіберуге бекінеді. Қарияның өз пәтерін саудаға қойып жатқанын, айтқан сөздері біртүрлі көрінетінін байқаған риэлторлық ұйымның өкілдері полицияға хабарлаған. Полицейлер мән-жайды анықтай келгенде депозиттегі 40 млн теңгенің тағдыры да белгілі болады. Өзінің алданғанын зейнеткер сол сәтте ғана біледі. Қомақты соманы алаяқтар бір тиынын қалдырмай шешіп, әлдеқашан шетел асырып жіберген екен.
Өңірде 2022 жылы киберқылмысқа қатысты небәрі 404 қылмыстық іс тіркелсе, былтыр 1 200-ден аса дерек анықталған. Ал биыл жыл басынан 900-дей іс тіркеліпті. Биылғы қылмыстардың 150-дейі ғана ізін суытпай ашылған. Кейінгі жылдары интернет алаяқтыққа қарсы қабылданып жатқан түрлі қаржылық қалқандар, жүйелер аса тиімділік көрсетпесе де, кейбір жағдайларда көмегі зор. Мысалы, өткен жылы Ұлттық банк алаяқтық транзакциялар туралы деректер алмасу орталығы – «Антифрод орталығын» іске қосты. Жүйенің басты міндеті – алаяқтық операцияларға қарсы тұру. Бұл алаяқтық транзакцияларды анықтау мен бұғаттау, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел ден қою, бірыңғай дерекқорын жүргізу үшін қажет. Күмәнді ақша аударымдары түскен шоттар бұғатталып, сол жерде ұсталып қалады. Әрі оның иесінің өзге де шоттары анықталып, бұғатқа түседі.
Қазір әлеуметтік желілерде жарнамасынан көз сүрінетін инвестициялық, биржалық жалған платформалар да көбейіп келеді. Жұрттың ақшасын ірі компанияларға құйып, аз уақытта бірнеше есе көбейтіп береміз дейтін қаскүнемдер көбіне «ҚазМұнайГаз», «Теңізшевройл», «Бәйтерек Инвест платформасы», «Kaspi Profit» деген платформаларды ұсынады. Қаржы салған адамға алғашқы күндері ақшаң көз ілеспес жылдамдықпен өсіп жатыр деп жалған есептер жібереді. Ал шешіп аламын деген адамға салық, комиссия төле деп қосымша шығындар ұсынатыны тағы бар. Мол олжаға кенелуді ғана ойлаған азаматтар ақыр-соңы ірі сомаға шығындалып, алданғанын түсінеді.
– Адамдарды жалған ақпараттан сақтандыру – киберқылмыспен күресудегі ең тиімді тәсіл. Біздің беретін ақыл-кеңесіміз ең әуелі белгісіз нөмірден хабарласқан тұлғаларға жеке бас, банктік деректерді ұсынбаңыздар. Екіншіден, өздерін полиция, пошта, Ұлттық банктенбіз деп хабарласатындарға сенбеу керек. Бұл құрылымдардың ешқайсысы құпия сөз сұрамайды. Тәртіп сақшылары іздесе, үйіңізге өзі келеді. Үшіншіден, алдын ала тапсырыс беру, төлем жасау дегеннен абай болған абзал. Сауда жүргізетін жалған парақшаларды тұтынушылардың шағымы түспейінше анықтау мүмкін емес. Төртіншіден, жалған биржа, инвестициялық платформаларға ақша салмаңыздар. Алаяқтықтың жаңа түрлері күн сайын пайда болады. Жақында облыстағы бір мектептің ұстазы киберқылмыстың құрбаны болды. Мектеп директорының фотосуреті қойылған өзге бір уатсап-нөмірден жазып, «сізді полиция іздеп жатыр, нөміріңізді берейін бе?» деп сұраған. Директордың суретін көрген соң мұғалім де сеніп қалған ғой, келісімін берген. Сөйтіп, біраздан соң оған бөтен нөмірден әлдебіреу хабарласып: «Құқық қорғау органынанбыз, лаңкестік ұйым сіздің шотыңызға қаражат аударып жатқанын анықтадық. Бізге көмегіңіз керек, арнайы операция жүргізу керек», деп алдайды. Ақыр-соңы педагог алаяқтардың өз атына алған несиелерін өзге есепшотқа аударып жіберген. Мұндай жағдайлар аз емес, деп түйіндеді сөзін маман.
Атап өтерлігі, Павлодар облысы киберқылмыс бойынша республикада алғашқы бестікке енген. Құқық қорғау органдары өкілдерінің пайымынша, қылмыстың көбейіп тұруына өңір халқының басым бөлігі орыстілді болуына байланысты екен. Оңтүстік өңірлермен салыстырғанда бізде қылмыстық деректер көп. Сондықтан өзіңіз танымайтын бөгде тұлғалардың телефон арқылы қойған ресми тілдегі сұрақтарына мемлекеттік тілде жауап берген көп жағдайда ұтымдырақ.
Павлодар облысы