Балықтың бабын білетін мамандар Күршім ауданындағы құлдырап бара жатқан кәсіпті қайта аяқтан тұрғызды. Талан-таражға түсіп, тозығы жеткен мекемеге 2019 жылы жаңа инвестор келді. Содан бастап шаруашылықтың өндірістік бағыты көбейді.
Кешен ақ амур, сазан, бақтақ сынды балық қорын инновациялық жолмен молайтты. Бүгінде «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру» шаруашылығы ұшан-теңіз жұмыс атқарып жатыр.
«Мекеме құлдырап, іске алғысыз болып тұрған. Иектің астында көл жатқанымен балық өнімдерін басқа жақтан әкелеміз. Сөйтіп, өзімізде неге өндірмеске деген ой келді. 5 жылдық жоспар құрып, жұмысқа кірістік. Нәтижесі жоқ емес. Балықты уылдырық кезінен баптап, сақтап, көк айдында көбейтеміз», дейді шаруашылық директоры Сымбат Әнуарбеков.
Қазір шаруашылықтың қуаттылығы 13 млн шабақ өндіруге жетеді. Алдағы уақытта 50 млн-ға дейін жеткізу жоспары бар. Шығыста балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған. Оның үстіне, суы мол өңір үшін балық өсіру мүмкіндігі де зор. 2030 жылға қарай облыста жыл сайын 9 774 тонна балық өсіріп, сатылымға шығару жоспарланса, оның 8 578 тоннасы – ақбалық, 1 151 тоннасы – тұқы, 45 тоннасы бекіре тұқымдас болмақ.
«Бүгінде балық өсірумен өңірде 15 мекеме айналысады. Бұл жағалаудағы мекемелер Зайсан, Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су қоймаларының бойында орналасқан. 2023–2024 жылдары облыстағы мекемелерге 600 млн теңге субсидия берілген», дейді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Әміров.
Суретті түсірген – автор
2022 жылы шаруашылық ғылыми-өндірістік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 300 млн теңгенің грантын ұтқан. Қаржы негізінен өндірісті түбегейлі жөндеу жұмысына, жабдықтар сатып алуға жұмсалған. Қалғаны қажетті мамандарды тартуға бөлінген. Дегенмен маман тапшылығы әлі де байқалады. Өндіріс ошағына балық өсіруші, шабақ өрбітуші мамандар керек.
Жұмыс қолға алынғалы балық көбейген. Соған қарай шаруашылық басында жұмыс та арта түскен. Сымбат Әнуарбеков алғаш басшы болып келгенде 1 200 гектар тоғанның 10%-ы ғана жұмыс істеп тұрса, қазір шабақ өсіріп-өндіруге су бетіндегі аумақтың 30%-ы пайдаланылады. Цех іші қарбалас. Әр маман өз ісімен айналысып жүр. Уылдырығы жетілген балықтарды сығып, зертханада тексереді екен. Тексеруден өткенін дернәсілге айналдыру үшін арнайы аквариумға жібереді. Жұмыстың басы осы – уылдырық алу, балықтың салмағын өлшеу. Одан соң уылдырықтарды сүтпен араластырып, колбаларға салады. Оның ішінде бір тәулік айналып тұрады. Тәулік өткен соң «Амур» аппаратының ішінде 1 млн дана уылдырық отырғызылып, одан дернәсіл шығады. Мамандардың сөзінше, дернәсілдің салмағы 25 грамнан асқанда толық шабақ болып қалыптасады. Осылайша, балықшылар биыл тұқы балығынан 7,5 млн, сазаннан 4 млн шабақ алған.
«2023 жылы сазаннан бөлек, шаруашылық тоғандарына ақ амур шабақтары жіберілген. Тұқы тұқымдас бұл балық түрі біздің өңірдегі су айдындарында кездеспейді. Оңтүстікті, Іле, Сырдария өзендерін мекендейді. Шаруашылық ұжымы ақ амур шабақтарын өсіруді өңірдегі өзен, көлдердің ерекшелігін, қазіргі жағдайын ескере отырып қолға алды», деді Сымбат Әнуарбеков.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы