Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселесі қаралды.
Үкімет басшысы «Таза Қазақстан» Президент бастамасы экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарауды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл жұмыс жүйелі сипатқа ие, барлық жастағы азаматтарымыз, бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері экологиялық акцияларға белсенді қатысады. Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» үлкен қоғамдық қозғалысқа, күнделікті мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды.
«Мемлекет басшысының идеясы «Таза Қазақстан» бастамасын табиғатты қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар ойдың да, бойдың да тазалығын сақтап, адамның ішкі мәдениетін тәрбиелеу арқылы оны дұрыс өмір салтына айналдыру болып саналады. Руханияттың дамуына ерекше көңіл бөлу керек. Айналаңдағы адамдарға, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарау, қоғамдық жауапкершілікті дамыту және еңбекқорлық Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асырудың маңызды бағыттары болуға тиіс», деп атап өтті О.Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегі бойынша акцияға қатысушылардың жалпы саны 2 млн-нан астам адамды құрады, оның 156 мыңы – еріктілер.
«Таза Қазақстан» бастамасы мемлекеттік органдардан ғана емес, қоғамдық ұйымдардан да кеңінен қолдау тапты. Мысал ретінде «Ауыл» партиясының «Таза 25» акциясын айтуға болады, онда жастар, еріктілер мен белсенділер Қазақстанның әр өңіріндегі танымал су айдындарының 25 км жағалау аймағын тазартады. Бүгінгі таңда акция аясында 79 км тазартылып, 470 тонна қоқыс жиналды. Жыл соңына дейін бүкіл еліміз бойынша 500 шақырым жағалау аймағын қамту жоспарланып отыр», деді Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев.
Үкімет басшысы республикалық және өңірлік деңгейде Президент бастамасын жүзеге асыру шеңберіндегі іс-шараларды белсенді түрде ақпараттық қолдаудың маңыздылығы туралы атап өтті.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аталған бағытта кешенді әрі жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
Бірінші бағыт – ағартушылық, мәдени және гуманитарлық сипаттағы ұйымдастырушылық шаралар. Министрдің айтуынша, бұл ретте бастаманы халыққа жеткізудің басты қозғаушы күші – азаматтық қоғам. Осы қатарда жастар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, волонтерлер қозғалысы, сондай-ақ мәдениет және өнер қайраткерлері белсенді атсалысып жатыр.
«Жастар саясаты саласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен көктемгі экологиялық фестиваль жас буынға рухани серпін берді. Фестивальде Президент жастардың рөлін ерекше атап өтті. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына биыл 35 мыңнан астам жас тартылып отыр. Келер жылдан бастап бұл жасақтар техникалық, аграрлық, құрылыс және педагогикалық бағыттармен толығады», деді министр.
Екінші бағыт – «Таза Қазақстан» идеясын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау. Министр атап өткендей, осы мақсатта нақты ақпараттық арнайы медиа-жоспар әзірленді. БАҚ беттерінде «Таза Қазақстан», «Қалалық орта», «Экология», «Таза өлке», «Табиғат анаң – аяла оны!», «Тазалық», «Таза бейсенбі» сияқты айдарлар ашылып, мазмұндық тұрғыдан кеңірек насихатталып жатыр.
«Биыл 5 маусымда өткен жалпыұлттық телемарафон экологиялық идеяны ақпараттық, мәдени-ағартушылық және идеологиялық тұрғыдан біріктіріп, қоғамға оң әсер етті. Телеарналарда «Таза Қазақстан» брендімен сериалдар, деректі фильмдер мен арнайы жобалар қосылмақ. Ақпарат алаңында белсенді тұлғалар, блогерлер мен медиа саласының өкілдері «Таза Қазақстан» идеясын қолдап, өз аудиториясына экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мазмұнды контенттер ұсынып келеді», деп атап өтті А.Балаева.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев министрлік «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға белсенді атсалысып жатқанын баяндады. Аталған жұмыс «Балалар – Таза Қазақстан үшін» қағидатымен жүзеге асырылуда, ал оның негізгі мақсаты – білім алушылар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру, жас өрендерді тазалыққа тәрбиелеу екенін атап өтті сала басшысы.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, еліміздің жоғары оқу орындары ауқымды ағарту іс-шараларын өткізеді, экологтердің жаңа буынын даярлайды және экологиялық бағдарланған ғылыми жобаларды әзірлеуге және енгізуге қатысады.
«Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы жарияланғалы бері жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларының қатысуымен 1 500-ге жуық әртүрлі іс-шара өткізілді. Бұл шараларға жоғары оқу орындарынан 240 мыңнан аса адам қатысты. Барлық жоғары оқу орындары студенттері арасында «Taza Like» іс-шарасы шеңберінде экосағаттар өткізілді», деді С.Нұрбек.
Премьер-министр жауапты министрліктерге бірқатар нақты тапсырма бере келе, «Ортақ іске бар күшті жұмылдыра отырып, отбасылық дәстүрлі құндылықтарды, қоғамдағы дұрыс мінез-құлықты, мәдени мұраларға ұқыпты көзқарасты, отаншылдық қасиеттерді сіңіруге тиіспіз. Аталған бағыттарды «Адал азамат» тәрбиелік бағдарламасында ескеру қажет», деді.