Қазақстандық актер Сануржан Сүлеймен мен түсірілім тобының мүшелері АҚШ-та жол апатына ұшыраған жүргізушінің өмірін құтқарып қалған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға Лос-Анджелес маңында болған. Ауыр жол-көлік апатына құрамында актер Сануржан Сүлеймен, режиссер әрі продюсер Еркен Ялгашев, дыбыс режиссері Думан және актриса Айдана Сахари бар қазақстандық түсірілім тобы куә болған.
Америкалық жүргізуші көлікті басқара алмай, жолдан шығып кетіп, шамамен 15 метрлік терең жарға құлап, ағаштарға соғылған соң көлігі өртеніп кеткен.
Оқиға орнында Еркен Ялгашев жедел түрде 911 қызметіне қоңырау шалған. Ал актер Сануржан Сүлеймен еш ойланбастан көлікке жүгіріп барып, өз өмірін қатерге тігіп, жүргізушіні жанып жатқан көліктен шығарып үлгерген. Көлік кез келген сәтте жарылуы мүмкін болған.
Жүргізушіні жардан шығарып алу үшін Сануржан, Еркен, Думан және сол маңда жүрген екі мексикалық азамат күш біріктірген.
Жедел жәрдем мен құтқару қызметі келгеннен кейін зардап шеккен жүргізушіге медициналық көмек көрсетілген. Ол ауыр күйіктер мен жеңіл жарақаттар алған.
Айта кетейік, 27 жастағы Сануржан Сүлеймен көрерменге Ақан Сатаевтың «Районы» фильмі арқылы танымал. Сонымен қатар, ол «Рэкетир-2» және «Бизнесмен» фильмдерінде эпизодтық рөлдерді сомдаған.