• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:15

Жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігін ойласақ...

30 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен құқық қорғау органдарының алқа мәжілісінде елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатының қатаң сақталуын қамтамасыз ететін құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік идеясын қоғамда берік қалыптастыру қажеттігі атап көрсетілді. Заң мен тәртіп қағидаты жеке адамның ішкі мәдениетінен түзіліп, отбасы, жақындары, араласатын ортасына байланысты бекитінін ескерсек, мұның түпкі діңгегі адамның бала кездегі тәрбиесіне келіп тірелетінін аңғаруға болады.

Осы жағынан «баланы жас­тан...» деп басталатын нақыл ата-ба­ба­мыздың саналы, салиқалы ұр­пақ өсіріп, толыққанды азамат етіп қалыптасу жолын меңзеп тұр. Қоғамның іргетасының дұрыс қалыптасуы тәрбиелі адам­дар­дың көптігіне байланыс­ты, мұндай елдің болашағы жар­қын. Елімізде заң мен тәр­тіпке негізделген жоғары құ­қық­тық мәдениет қалып­тасып келе жат­қанына қара­мас­тан, тәртіпке бағынбайтын жастар саны да азаймай отыр. Бас прокуратура еліміз бойынша жасөспірімдер ара­сын­дағы қылмыстың өткен жылдың соңында 6%-ға қысқарғанын жариялады. Ақтөбе өңірінде де төмендеу құбылысы байқалды. Облыстық әкімдік пен полиция жасөспірімдер арасындағы қыл­мыс­тың төмендегенін растайды.

Бір жылдан бері ата-аналар мен мектеп мұғалімдері, полиция жасағымен бірге түнгі рейдтерге шығып, көшелер мен ойын-сауық орындарында мезгілсіз уақытта балалардың жүрмеуін қадағалап жүр. Соның нәтижесі болар, елімізде осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 14–18 жас аралығындағы жасөспірім­дер арасындағы құқықбұзушылық дең­гейі өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 17%-ға төмендепті. Бұл нәтижеге құқық қор­ғау орган­дарының профилактика­лық және құқықтық-ағарту жұмыс­та­рын күшейтуі себеп болған. Түнгі кезекшіліктермен қатар көшелерді бейнекамералармен жабдықтау, бала­ның мезгілсіз уақытта жүргені үшін ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту, инспекторлардың тәртібі нашар оқушылармен жеке-дара жұмыс істеуі, учаскелік полицейлердің жұмыс­тарының жандануы да қыл­мыстың алдын алуға әкелді.

Өткен жылы Ақтөбе облысында жасөспірімдер қолымен бір­неше қан­ды қылмыс жасалынды. Қаңтардың 2-сінен 3-іне қараған түні қала іргесіндегі Қызылжар ауылындағы дүкен жанында кәмелетке толмағандар төбелесіп, пышақ жарақаты бір баланың өліміне әкелді. 11 сәуірде Есет батыр атындағы мектеп-интернат оқушысы соққыдан қайтыс болды. Арада бірер ай өткенде бір жасөспірім сауда орталығына жарыл­ғыш зат салынды деп, елді дүрліктір­ді. Аудандардың бірінде жасөспірім бұралқы итті қинап, онысын әлеуметтік желіге салған. Темір ауданы, Қопа ­ауылында бір баланы жоғары сынып оқушылары ұрып өлтірді. Осылайша, был­тыр­ғы ауыр қылмыс түрлері – жаппай төбелес, пышақ және атыс қаруын қол­дану, жануарға қатыгездік көрсету, терроризм туралы жалған ақпарат таратуды қамтыды.

Жасөспірімдер қылмысын талдау кезінде топтық төбелеске көбіне жас­тары 18–20 жас арасындағы колледж студенттері, мектептің жоғары сынып оқушылары баратыны анықталды. Әдетте жанжал түкке тұрмайтын нәр­седен туындап, оның соңы топ болып төбелесумен аяқталады. Жеңіл­ген тарап алдын ала сөз байласу арқылы түнгі уақытта қалтарыс жерге жақтастарын жинап әкеледі. Біреуінің қолында шолақ мылтық, не пышақ жүреді. Қылмыс көбіне қыркүйекте немесе қысқы каникул күндерінде жасалады. Тағы бір назар аударарлығы – жасөспірімдер төбе­лес­ке жиналар алдында осы іс-әрекет­тері­нің салдарын жете бағаламайды. Топырлап жүргеннің біреуінде ес жоқ, ақыл емес, ашу жеңіп кетеді. Өйткені еш­қайсысының құқықтық сауаты жоқ. Болып жатқан оқиғаны ата-анасына да айтпайды. Ата-ана да баласының түнде кіріп-шығып жүргеніне назар аудармайды. Өйткені үйде тәртіп жоқ, баласының беймезгіл жүрісі әдетке айналған. Сенделіп көп жүретін ба­ланың араласатын ортасы, айналысатын ісі, мінез-құлығындағы өзгеріске үйдегі үлкендердің назар аудармайтыны сот барысында көп байқалды. Осы жағдайлар бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін заңмен қатай­ту қажеттігін көрсетеді. Отбасын­дағы бала тәрбиесі ақсап жатса, оған ең алдымен ата-анасы не қамқоршысы жауапты. 14 жастан асқан ақыл-есі дұрыс жасөспірім заңға қайшы әрекеті үшін де заң алдындағы жауапкершілігін сезіне білуге тиіс.

Қылмысты болдырмау шара­ла­ры­ның күшейтілуімен бірге, қоғамды ізгілендіру жұ­мыс­тары да қатар жүргені қажет. Себебі отбасылық қиын жағ­дай­ға тап болған ата-аналарды қол­дауға жанашыры болмаса, қоғам­ның белсенді топтары ара­лас­қаны қажет. Көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол, үлгілі отбасылардың ата-әжелері, зейнеткер ұстаздар тығырыққа тірелген жас отбасыларға, жалғызілікті аналарға жақсы кеңес береді, жол көрсете алады. Туындаған мәселені сабырмен жеңу, мәмілегерлік жолмен реттеу, ортақ шешімін табу шиеленістің алдын алады. Осы жағынан бала тәрбиесінде ұлттық дәстүрлерді кеңінен қолдану да өте маңызды. Өсіп келе жатқан жас үлкен өмірге бағдар алар кезде қоғамнан өгейленбей, қолдаушысы бар екенін жан-жүрегімен сезіне алса, нәтиже болады. Үйдегі үлкендердің жанжалы көп жағдайда баланың мінез-құлқына әсер етіп, ол жанына жалау болатын нәрсені сырттан іздей бастайды. Өкінішке қарай, көшенің жүгенсіз заңы сана-сезімі қалыптаспаған баланы жолдан тайдырады. Көше бұзақының қатарын көбейтуге мүдделі. Қылмысқа бейім топтар бір жерге жиналса, қоғамда қалыптасқан қағидатты бұзып, өз үстемдігін орнатады. Бұл – қылмыстық жүйенің жазылмаған заңы. Төбелескендердің арасында суық қарудың болуы, күштінің әл­сізді сапқа тұрғызып қойып құлатуы Сталин заманындағы ГУЛАГ жүйелерінен келе жатқан түрменің жазылмаған заңын еске түсіреді. Темір ауданындағы Қопа ауылында және Ақтөбедегі спорт мектебінде бала өлімімен аяқталған қылмыс тура осылай болды. 11-сыныпта оқитын бұзақының соққысынан 8-сыныптың оқу­шы­сы қаза тапты. Екі қылмыс бірдей. Қылмыскердің тәлімгері кім? Осы жағын құқық қорғау органдары зерделеуге тиіс.

Осы жылдың алғашқы жарты­сында Ақтөбе облысында жас­өс­пі­рімдер арасындағы топ­тық қақ­тығыстар, қару қол­дану оқиға­лары тіркелген жоқ. Есесіне наша­қор­лыққа үйір жастар саны артып бара­ды. Құқық қорғау органдары, бі­лім беру ұйымдары мен ата-ана­лар, қоғамдық құрылым­дар­дың өзара байланысты әрекет­тері, дер кезінде қимылдауы ық­ти­мал қылмыстардың алдын алып, жү­ген­сізді тыюға септігін тигізе­тінін көрсетіп отыр. Баланың жас­тайы­нан қарым-қатынас мәдение­тін мең­геруі – тәртіпке бағынудың ең төте жолы.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар