• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Маусым, 2025

Тараптар сындарлы диалогке дайын

180 рет
көрсетілді

Президенттің ел экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру аясында Үкімет басым салалардағы ынтымақтастық бойынша инвесторлармен тығыз байланыс орнатып, ілкімді жобаларды қолға алды.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Tubacex» вице-президенті Антон Азлормен кездесіп, өнеркәсіп сала­сындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды талқыға салды. Маңыз­ды кездесуде өнеркәсіп саласын­дағы ынтымақтастық келешегі, оның ішінде жоғары технологиялы жаңа өндірістерді енгізу мәселелері талқы­ланды. Жіксіз құбырларды қоса ал­ғанда, мұнай-газ саласында сұраныс­қа ие өнімдер шығаруға назар аударылды.

Шетелдік инвестор Атырау облысында тот баспайтын болаттан және никель қорытпаларынан жасалған жіксіз құбырлар шығаратын Орталық Азиядағы алғашқы зауытты салу жобасын ұсынды. Жоба жүзеге асса 12 мың тоннаға дейін  дайын өнім өндіріледі.

Сонымен қатар заманауи мұнай-газ машинасын жасау зауытын ашудың қарекеті те қамтылды. Ел Үкіметі қосылған құны жоғары өнім шығару бойынша өндірістер ашуға баса назар аудара отырып, өнеркәсіп секторына инвесторлар тартуға мүдделі екенін аңғартты.

Кездесу соңында тараптар әрі қарай ашық және сындарлы диалогке дайын екенін жеткізді. Тиісті мемлекеттік ор­гандарға жобаны одан әрі жүзеге асы­ру үшін қолдау таныту тапсырылды.

Испанияның «Tubacex»  компания­сы мұнай мен газ өндіру (суасты, суүсті және жерүсті), электр энергиясын өндіру (дәстүрлі және атом), сондай-ақ мұнай химиясы өнеркәсібі саласындағы жетекші компаниялар үшін тот баспайтын болаттан сонымен қатар энергетикаға арналған арнайы қорытпалардан жасалған өнімдерді өндіруде әлемдік көшбасшы саналады. «Tubacex»-тің әлемде 24 өндірістік кәсіпорны мен 14 қызмет көрсету орталығы бар.