• RUB:
    6.63
  • USD:
    520.39
  • EUR:
    609.58
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 11:20

Шекарасыз ақпараттық майдан

20 рет
көрсетілді

Қазір әлем геосаяси шиеленіспен қатар ақпараттық майдан алаңында өмір сүріп жатыр. Ақпараттық соғыс – бұл жай ғана тер­мин емес, ол бүгініміз бен болашағымызды айқындайтын көзге көрінбейтін шайқас. «Бұл жерде қару-жарақ, танк, сарбаздар жоқ, бірақ қауіптілігі азаймайтын күрес бар. Бұл біздің санамызбен шайқас, ал ол күнделікті көріп-білген нәрсемізді шындыққа жанастырып жібереді», дейді америкалық сарапшы Том Сандерс.

Ғалымдар ақпараттық со­ғыс қастандық теориясы немесе ғылыми фантастика емес, әлемнің жаңа шындығы деген пікір айтады. Өйткені қоғам күн сайын ақпараттық шабуылға жа­ңа­лықтар, әлеуметтік желілер арқылы тап болады. Оның ішінде манипуляция, жалған ақпарат сенімді әлсіретіп, қоғамдағы тұрақ­ты­лықты бұзып, хаос тудыру­ды көздейді. Ал қазір қоғамдағы аң­қау адамдарды ақпараттық мани­пуляция арқылы өз дегеніне көн­діру, жетегіне ілестіру, сол ар­қылы мақсаттарына қол жеткізу белгілі бір топтың көздегені болуы да мүмкін. Әсіресе, алпауыт мем­лекеттер ақпараттық майдан ше­бінде өздерінің мақсат-тілек­те­рін қоғамға сіңдіруге тырысып жатқаны белгілі.

Бүгінгі таңда ақпараттық соғыс­тар геосаяси ықпал етудің, әлеу­мет­тік қақтығыс­тар­дың, тіпті жеке манипуляцияның негізгі құ­ра­лына айналды дейді сарапшылар. Жалған ақпараттар мен үгіт-насихаттардың ақпараттық шындыққа еніп кеткені сонша, олар жиі шынайы деректер ретінде бүркемеленеді. Дегенмен бұл – жай ғана деректер үшін шайқас емес, бұл сананы басқару үшін шайқас. Мәселен, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (Center for Strategic and International Studies) сарапшылары Бенджамин Дженсен мен Дивья Рамджи Израиль-Хамас қақтығысы ақпарат майданында қалай өрбігенін талдаған.

«Аймақтық қақтығыстарда және геосаясатта үгіт-насихат жүр­гі­зуге бұрыннан шебер Израиль әлеуметтік медианы өзінің ком­муникациялық стратегия­сы­на шебер енгізді. Көптеген жыл бойы әлеуметтік медиа плат­фор­малары Палестинаны қол­дайтын түсініктемелерге цен­зура­ға қойып, Израильге қарсы маз­мұндағы ақпараттар жойылып отырды», дейді олар. Кейін палестиналықтар өздерінің да­уыстарын күшейту үшін X және TikTok сияқты платформаларды пай­даланып, Израильдің БАҚ үстемдігіне қарсы тұрды. Ақпа­раттық ландшафтта Израиль дәстүрлі түрде өзін дұшпан санайтын көршілер арасында осал демократия ретінде көрсетті, мұны өзінің әскери әрекеттеріне қажет өзін-өзі қорғау ретінде негіздеді. Алайда ХАМАС-тың Израиль­дің палес­тиналықтарға қарсы зорлық-зомбылығын бейнелейтін әлеуметтік медианы стратегиялық қол­дануы мұны әлсіретіп жіберді.

«Бұрын әлеуметтік медиа компаниялары, әсіресе Мета АҚШ-тың лаңкестік тобы деп танылған ХАМАС пен Палестина ара­сындағы шека­раны жоюда үлкен рөл атқар­са, платформалар қақтығыс маз­мұ­нын модера­ция­лауға қатысты ұс­та­нымын өзгерт­ті. Жалпы, әлеу­­меттік медиа компаниялары Украина-Ресей қақ­тығысынан алған сабақтарын гума­ни­тар­лық құқықтарды қол­дау және соғыс шындығын көр­се­тетін графикалық мазмұнға мүм­кіндік беру үшін пайдаланып отыр. Палестина халқы мен ХАМАС ара­сындағы 2021 жылы орын алған шабуылдардан кейін күшей­­ген бұл айырмашылық палес­­ти­налықтардың құқықтарын қол­дауды күшейтіп, Израильдің ұстанымына нұқсан келтірді. Осы­лайша,­ ақпараттық майданда па­лес­­­­тиналықтар да күшін көр­­сетіп, әлем назарын өзіне қарат­ты», дейді сарапшылар.

Осыдан  ақпараттық майдан­ның қоғамға қалай әсер ететінін көруге болады. Жалпы, ақпараттық майдан бұрыннан бар, алайда бұрын оны әлем көшбасшылары буып-түйіп, жұдырықта ұстады. Ал әлеуметтік медиа келісімен оны тізгіндеу мүмкін болмады. ХХІ ғасырдағы интернеттің, әлеу­меттік желілердің және жаһан­дық ком­муникациялардың дамуы ақпа­раттық соғыстың дамуын жедел­де­тіп, оны неғұрлым озық деңгейге жеткізді. Енді жалған ақпарат әп-сәтте таралып, миллиондаған адамға әлеуметтік желілер, желілік медиа және ха­кер­лік шабуылдар арқылы жетеді.

Қазір мемлекеттер ұлттық қауіп­­сіз­діктің негізгі элементі ре­­тін­де ақпараттық соғыстың ма­ңызын жақсы түсінеді. Кейін­гі онжылдықта АҚШ, Қытай, Ұлы­­британия, Израиль сияқты мемлекеттер өздерінің мүд­де­лерін қорғау немесе басқа елдерге ықпал ету үшін соңғы технологияларды пайдалана отырып, ақпараттық операцияларды жүргізудің стратегияларын әзірледі. Мәселен, Ұлыбритания ақпараттық қатерлермен белсенді түрде күресіп келеді. Brexit референдумы мен сайлау үдерістеріне араласу әрекеттерін анық­тағаннан кейін ел қауіп мониторингін, ақ­па­раттық қауіпсіздікті және фейкпен күресті қамтитын ке­шен­ді киберқорғаныс жүйе­сін әзір­леді. Ұлыбритания жал­ған ақпаратпен күресу үшін арнайы бөлімшелер құрды, оның ішінде ақпа­раттық операцияларға, дұшпандық нау­қан­­дарды анықтау және оларға қарсы тұру үшін әлеу­меттік медиа жұ­мысына ма­ман­данған «77-бригада» құрды.

Зерттеулерге сәйкес, АҚШ, Словакия, Филиппин фейк жаңа­лық­тар ең көп шоғырланған елдер болып шық­ты. Мұнымен күресу үкіметтердің, бұқара­лық ақпарат құралдарының және аза­мат­тардың көпжақты күш-жіге­рін талап ете­ді, сауалнамаға қатысқан рес­пон­денттердің 30 пайыз­дан астамы ақпа­раттың сенімділігі үшін негізгі жауап­­кершілік бұқа­ра­лық ақпарат құрал­дарының мой­­нында деп санайды.

Елімізге де ақпараттық ша­буыл­­­­дар жасалып тұратыны бел­­гілі. Осыдан екі-үш жыл бұ­рын «Russia Today» редакторы Маргарита Симоньян Қазақстанға қатысты бірнеше рет мәлімдеме жасаған еді. Ресей мен Украина арасындағы мәселеге байланысты еліміздің бейтараптылығын сынап Қырымды мойындау, кирил­лицаны қалдыру, Қырғызстан­дағы сияқ­ты орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ету, орыс тілді мектептерді жайы­на қал­дыру секілді мәселелерге үн қос­­қаны бар. Алайда бұл ақпарат май­­да­нында дау тудырғанымен, әлем­­­­дік деңгейге шыға қоймады. ­Үкі­мет бұған дер кезінде тосқауыл қоя білді.

Қазіргі жаһанданған заманда елдер мемлекеттік шекарасын шегендесе де, ақпараттық шекарасын тізгіндеу қиын.