Ізгілік, адамгершілік, ар-ұят жеңісі – күнделікті жан дүниемізде бәсекеге түсетін ұғымдар. Бала күнімде осындай адамдық бәсекесіне куә болғаным бар еді.
2010 жылдың жаз мезгілі-тін. 10-сыныпты бітірген өрім кезім. Алқапта қарбыз артып жүргенімізде, кенет екі ауылдас ағам шекісіп қалып, «Мен сен секілді әлі күнге доп қуып жүрген жоқпын» деді бірі. Екіншісі «Доп қусам да ұпайым түгел, мен түбі сенен озамын!» деді жұлып алғандай. «Кел бәстесейік, осыдан 4 жылдан кейін кімнің озарын көрейік, сонда көрерсің кімнің кім екенін» деп ақыры екеуі қол алысты.
Содан бері, міне, төрт жыл да өте шықты. Қазір екеуінің де жасы жиырма бестен асып жығылған. Бірақ екеуінің де не өзгерген, не қопарып тастаған түгі жоқ. Сол баяғы сүйкімсіз мыжырайған үйлер, батпаққа белшесінен батқан есік алдындағы арба, ақжемтір болып кеткен шатырлар... Бірде ауылда бірін кездестіріп қалып «Осыдан төрт жыл бұрынғы бәстескенің есіңде ме?» дедім, әлгі жігітім жарқырай күліп, «Қандай бәстесу, сен де жүрген қиялсың» деді де қойды.
Менің білгім келгені, адамдар расында өзгере ала ма? Немесе тағдырмен соқыртеке ойнап жүріп оқыстан сүрініп қалып, бабасының бабасын қайталап «адамдық қоқысына» тастала ма? Бала күнімде бір кісіні Құдай деп ойлайтынмын. Бір күні көшеде құлап жатқанын көріп «Құдай болса неге құлайды?» деп ұзақ ойланғаным әлі есімде. Шынында тіршілік бар болғаны Гитлерше айтқанда «Өлімге кезекке тұру» ғана болғаны ма?!
Адамдық бәсекесі – мәңгілік бітіспес майдан. Бұл майдан жан дүниемізде тоқтаған күні, біздің саналы тіршілігіміз де тоқтайды.