Көгалдандыру жұмысы аясында биыл өңірде 120 мың көшет отырғызылды. Бұл – аймақтың абаттануына, табиғатты қорғауға бастайтын ауқымды жұмыстардың бірі. Бүгінде тұрғындар өзі тұратын ауланы жасыл-желекке орауды қызу қолға алып жатыр. Айталық, Көксу ауданында жалғыз өзі ауылында 8 мың түп көктерек көшетін отырғызған тұрғын бар. Ол он бес жылдан бері осы игілікті іспен айналысып келеді.
Жетісу табиғаты көркем аймақтың бірі дегенімізбен, жыл сайын халық саны көбейіп, зауыттар ашылып жатыр. Бұл экологияға кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан әр тұрғын хал-қадірінше ағаш отырғызып, айналасын қорғауға тиіс. Осы тұрғыда Көксу ауданына қарасты Мұсабек ауылының тұрғыны Еркін Пидахметұлының өнегелі ісі көпке үлгі. Шаруақор азамат жергілікті биліктің жәрдеміне қарамай, отбасымен бірлесіп, көктем сайын жүздеген көшет отырғызуды әдетке айналдырған. Шетелден оралған қандасымыздың қарекеті еліміздің өркендеуіне жол ашатын жақсы мысал. Еркін 15 жыл бойы тынымсыз еңбектеніп, ауылдың тау жақ бөктеріне он мыңға жуық түп көктерек көшетін отырғызып, оны күтіп-баптап, бүгінде аспанмен бой таласқан бау-бақшаға айналдырды. Әлбетте, осы талпыныстың қалқасында қаншама еңбек, төзімділік, күш-жігер жатқаны өз-өзінен түсінікті болса керек.
«Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тамаша тәмсіл бар. Мұны балаларыма үнемі айтып отырамын. Әкенің мұрасы балаға азық болмайды, өнегелі ісі азық болады. Бұл арқылы жас ұрпақты табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны көгалдандыруға, Жер-Анаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейміз. Жетісу өңірі – табиғаты шұрайлы, суы мол, жері құнарлы өлке. Мұнда не ексеңіз де өркендеп кетеді. Топырағы майлы, егінге де, мал шаруасына да тиімді өңір. Сол тұрғыда осы абат мекенімізді жасыл желекке орап, ауасы таза, көрікті жерге айналдыруға бәріміз тырысуымыз керек», дейді Е.Пидахметұлы.
Атажұртқа сонау 2008 жылы біржолата қоныс аударған Еркін алғашында Талдықорған қаласының іргесіндегі «Ащыбұлақ» саяжайында қоныстанады. Арғы бетте «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағидамен шыңдалған жас жігіт 30 сотық ауласына Қытайдан ала келген алма, өрік, көктеректің көшетін егіп, жерсіндіреді.
«10 жасымнан бастап ағаш егіп, оны күтіп-баптауға құмарттым. Елге оралған соң да осы кәсіпті жалғастырғым келді. 2010 жылы елімізде «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы қолға алынды. Сол тұстағы облыс әкіміне хат жазып, өзімнің орман өсіріп, қоршаған ортаны көркейту мақсатымды жеткіздім. Бұл өтінішім қабылданып: «Облысқа қарасты қай ауданнан лайықты жер көрсең, сол жерді өзгертуге қолдау көрсетіледі» деген жауап алдым. Сонымен Талдықорған қаласы, Ескелді, Қаратал, Көксу аудандарының ауылдарын аралап жүріп, таңдауым Көксу ауданының Мұсабек ауылына түсті. Ауылдың тізгінін ұстап жүрген азаматтар 22 га жер телімін беріп, арманымды ұштады. Сонымен алғашында алма ағашын егіп көріп едік, өнбеді. Өйткені Мұсабек ауылының жері құмдауыттау, желі үзілмейтіндіктен, жеміс ағашын өсіру қиындау екен. Содан кейін, Қытай көктерегінің көшетін әкеліп, еге бастадым. Нәтижесін көріп тұрсыздар», дейді Еркін бас-аяғы бір шақырымға созылып жатқан, он қатар болып тізіліп өскен көктерек қатарын нұсқап.
Еркіннің бастамасын Мұсабек ауылының әкімдік қызметкерлері мен ауыл ақсақалдары, тұрғындар мен мектеп ұжымы бірден қолдап, ағаш көшетін отырғызу кезінде, оны суарып, күтіп-баптауға көп көмек көрсетеді.
«Ауылымыз желдің өтіне орналасқан, оның үстіне, топырағы құмдауыт болғандықтан, бақша өнімдері, жеміс-жидек өспейді. Еркін ең алғаш ауылға алма ағашын егіп еді, жер жағдайына байланысты жерсінбеді. Содан кейін ауылды айналдыра көктерек егіп, оның қалқасына алма, өрік ағаштарын егіп өсірді. Қазір олар жеміс беріп тұр. Көктеректер биіктеп өсіп, азынаған жел бәсеңсіп, ауылды құм баспайтын болды. Ауылдастар ауласына бақша өнімдерін көптеп еге бастады. Сөйтіп, Еркіннің көктерегі бүкіл ауылдың бейнесін өзгертіп жіберді», дейді Мұсабек ауылының тұрғыны Зиягүл Досанқызы.
«Еркіннің көктерегі» деген сөзді бүгінде Мұсабек ауылының тұрғындары мақтана айтады. Көктеректің көсегесін көгерткен Еркін қосымша қара ағаштың тұқымын да сеуіп, 1-2 жылдық көшетін Астана, Алматы, Түркістан қалалары мен Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарына саудалап, нәпақа табады.
«Елімізде еңбектенген адамға барлық жағдай жасалған, мүмкіндік мол. Менің төрт түлігім де, бизнесім де, кәсібім де – осы ағаштар. Алдағы уақытта мұның санын да, аумағын да кеңейтіп, көктерекпен бірге жеміс ағашын өсіріп, қоршаған ортаға қосар үлесімді еселей беремін», дейді кейіпкеріміз.
Шындығында, Еркін сияқты азаматтар көбейсе, тұмса табиғатымыз түрлене түсер еді, жасыл желектер қалыңдай берер еді. Азаматтың алдағы мақсатын жүзеге асыруға ауыл, аудан әкімдігі де қолынан келгенше көмектесуге дайын. «Көп түкірсе көл» дегендей, бұл еңбектің жемісін ертеңгі ұрпақ көреді.
Жетісу облысы