• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:05

Парламент кезекті сессиясын қорытындылады

30 рет
көрсетілді

Заң шығару билігін жүзеге асыратын еліміздегі ең жоғары өкілді орган – Парламент кезекті сессиясын қорытындылап, депутаттар каникулға кетті. Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен парламенттік қос палатаның бірлескен отырысында осы мәселе күн тәртібіне шығарылып, ол бойынша Мәжіліс төрағасы қорытынды сөз сөйледі.

Бірлескен отырысқа Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Үкімет басшысы Олжас Бектенов, Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова, Жоғарғы сот төрағасы Алсамбек Мерғалиев, Бас прокурор Берік Асылов, Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай және Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің басшылары қатысты.

Отырыстың күн тәртібіне шығарылған VIII сайланған Пар­ламенттің үшінші сессия­сының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәселе бойынша Ерлан Қошанов баяндама жасап, заң шығарушы органның жыл ішінде атқарған жұмысына, қабылдаған заңдардың мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар осы жылдары депутаттар ұдайы президенттік реформа­лардың алғы шебінен көрінгенін атап өтті.

– Біз өз өкілеттігіміздің тура бел ортасына келдік. Іс жүзінде бұл – бірлесе атқарып жатқан жұмысымыздың маңызды кезеңі, межелі белесі. Шын мәнінде, қазіргі сайланым – Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі де дәйекті түрде жүзеге асырып отырған Парламент деуге болады. Осы жылдары депутаттар ұдайы президенттік реформалардың алғы шебінен көрінді. Біз әрдайым Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын бас­шы­лыққа алып келеміз. Бұл ұста­ным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты. Парламенттің күнделікті жұмысы ең әуелі осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған. Сессия басталарда Мемлекет басшысы өз Жолдауында алға қойған басты міндеттер біздің жұмысымызға серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар Парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды. Президенттің сайлауалды бағ­дарламасы аясындағы заңнама­лық бастамалардың бәрін дерлік депу­таттық корпус осы сессияда іске асырды, – деді Ерлан Жақанұлы.

Мәжіліс төрағасы үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өткенін жеткізді. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданған. Е.Қошанов депутаттар сессия барысында әлеумет­тік саясат пен азаматтарымыз­дың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсеткенін атап өтті.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері өз сөзінде үш кодекстің жаңартылып, қабылдануы Президенттің іргелі реформаларының іске асуының нақты көрінісіне айналғанын айрықша атап өтті. Бұған дейін бірде-бір заң жобасы жаңа Салық кодексі сияқты кең талқыланбаған.

– Депутаттар бизнеске ар­тық салмақ салмай-ақ, салық сая­сатын экономиканың тұрақ­тылығына, азаматтардың бақуат­тылығына бағыттауға қол жеткізді. Жалпы, қабылданған Салық кодексі мемлекет – бизнес – қоғам арасындағы әділетті қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашпақ. Үкіметпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз сапалы, ашық, әділетті әрі түсінікті Салық кодексін қабылдадық. Қабылданған Бюджет кодексі орнықты экономикалық дамудың, азаматтардың әл-ауқатын арт­тырудың негізгі тетігіне айналды. Бұл ретте бюрократиядан арылу көзделіп, бюджеттік рәсімдер мерзімдері екі есе қысқарды. Жаңа заңнамалық нормалар Ұлттық қор ресурсының тиімсіз жұмсалуы­на берік тосқауыл қояды. Ел Президентінің тапсырмаларын орындау аясында өңірлердің бюджеттік дербестігі артты. Салық түсімдерін жергілікті бюджеттер деңгейіне беру жалғасын тапты. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде жергілікті бюджеттердің кірісі артып келе жатқанын байқап отырмыз, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Мемле­кет басшысының тапсырмасымен еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар құжат – Су кодексі қабылданғанын да атап өтті.

Сондай-ақ палата спикері баяндамасында еліміздің бала­лардың білімі мен тәрбиесіне, бақытына салынып жатқан инвес­тиция туралы да айтып өтті.

– Өткен сессияда «Ұлттық қор – балаларға» заңын қабылдаған едік. Сол жұмыстың жалғасы ре­тін­­­де осы сессияда «Келешек» бір­ың­ғай ерікті жинақтаушы жүйесі­нің заңнамалық негізі жасал­ды. Жинақталған қаражатты еліміздегі және шет мемлекеттер­дегі колледж­­дер мен жоғары оқу орындарында білім алуға, тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Бұл – мемлекет тарапы­нан балалардың білімі мен бола­шағына салынатын игі инвес­тиция, – деді Ерлан Жақанұлы.

Осы сессияда азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне бұрын-соңды болмаған дәрежеде назар аударылғанын да айта кеткен жөн. Депутаттар Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кейбір тәсілдерді қайта қарап, медициналық көмектің бірыңғай топтамасын енгізді. Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматқа базалық медициналық көмек берілмек.

Палата төрағасы депутаттар заң мен тәртіп үстемдігін орнату бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды.

– Президент айтқандай, заң мен тәртіп – мемлекеттік құрылыс­тың басты қағидаты. Сессия бойы депутаттар осы бағдарды берік ұстанды. Мәселен, Парламент қабылдаған жаңа шаралар үлескерлік құрылыс саласында тәртіп орнатып, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Нәтижесінде, үлескерлердің алданып қалу жайттарының азай­ға­­нын көріп отырмыз. Тағы бір мысал ретінде қаржылық қызметтер­ді тұтынушылар құқығын қор­ғау жайын айтуға болады. Бұл мәселеге алғашқы күннен бастап ерекше назар аудардық, – дей келе Мәжіліс төрағасы депутаттар қаржылық қызмет алушылар құқығын қорғау шараларын күшейткенін де атап өтті.

Е.Қошанов бүгінде қоғам алдында тұрған үлкен сын-қатер­лердің бірі – кибералаяқтықтың өршіп келе жатқан қаупіне уақтылы жауап ретінде дропперлер үшін қылмыстық жауаптылық енгізілгенін айтты. Сондай-ақ депутаттар бастамашы болған Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-әрекет туралы және лудоманиямен күреске қатысты заңдар да дер кезінде қабылданған, аса маңызды құжат екенін атап өтті.

Ол сессия барысында депутаттар халықаралық парламенттік ұйымдар аясында белсене жұмыс істегеніне тоқталды.

– Депутаттар 307 халықара­лық іс-шараға қатысып, 34 шетел парламентімен ынтымақтастықты жүзеге асырды. Сондай-ақ Орта­лық Азиядағы бауырлас ел­дермен, сондай-ақ ең ірі көрші­леріміз – Ресей және Қытай пар­ламентарийлерімен ынтымақ­тастықты табысты дамытуға атсалысып келеді. Біз Еуропалық одақпен, АҚШ-пен және Азия өңіріндегі әріптестерімізбен жүйелі байланысты жалғастырып отырмыз, – деді Мәжіліс спикері.

Одан кейін Үкіметпен өзара іс-қимыл кезіндегі өзекті мәселелерге де тоқталып өтті.

– Осы сессия барысында мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданды. Әр сауалдың артында халықты толғандыратын мәселе тұратыны белгілі. Алайда оларға берілген жауаптардың мазмұны мен сапасына көңіл тола бермейді. Тағы да жаңа сұрақтар туындатады. Бұл жағдай кейде депутаттарды мемлекеттік органға қайта жүгінуге мәжбүр етеді. Біз Үкіметпен бірге осы мәсе­лелерді жүйелі шешуіміз керек. Келесі сессияда Үкімет мүшелерін арнайы шақырып, жоғарыда айтылған мәселелерді талқылау жоспарымызда бар, – деді ол.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы мемлекеттік органдар мен депу­таттық корпустың бірлескен жұмысының жақсы үлгілері бар екенін де атап өтті. Мәселен, ауыл халқының табысын арттыруда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, ауыл әкімдерін оқытуда және азаматтардың шамадан тыс қарыз алуы проблемаларын шешуде ортақ жұмыстың нәтижесі елеулі болған көрінеді.

Сайлаушылардың талап-тілектері бойынша Үкімет есебін тыңдауға арналған отырыстар да өз тиімділігін көрсеткен.

– Өңірлерге барған сайын депутаттар халықтың бір жарым мыңнан аса мәселесі мен аманатын арқалап келеді. Осы сессияда Парламент депутаттары 500-ден аса елді мекенге барып, азаматтармен 1 200 кездесу өткізді. Онда көтерілген барлық мәселе Үкімет алдына қойылды. Біз оларды бұ­рыннан қалыптасқан тәжірибе бо­йынша, арнаулы жалпы отырыста талқыладық. Осы сессияда депутаттар азаматтардың 30 мыңнан аса хатын қарады. Осының бәрі азаматтардың «халық үніне құлақ асатын мемлекетке» деген сенімін нығайтып, елеулі нәтиже береді. Келесі сессияда бұл тәжірибені жалғастырамыз, – деді Е.Қошанов.

Бұдан соң Мемлекет басшы­сының «Таза Қазақстан» бастамасына тоқталған Мәжіліс спи­керінің айтуынша, бұл – жай ғана экологиялық акция емес, мемлекеттік идеологияның берік діңгегі. Біз оны ведомстволық науқанға айналдырып алмауымыз керек. «Таза Қазақстан» – дала­ның ғана емес, сананың да тазаруы. Әсіресе депутаттар осы істің алдыңғы шебінде жүруге тиіс.

Осылайша, Парламенттің кезекті сессиясы тәмамдалды. Бай­қағанымыз, жаңа пар­ламент­тік мәдениеттің дамуы кезең-кезеңі­мен жалғасып келеді. Депу­таттар енді қабыл­дан­ған заңдардың мән-жайын өңірлерде сайлаушыларға түсіндіріп, проб­лемалармен жақынырақ танысып, келесі сессияда да Мемлекет басшысының маңызды тапсырмалары бойынша жұмысты қарқынды жалғастырамыз деген ниетпен тарқасты.