Қала мен ауыл тұрғындарын сумен қамту туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп жазады Egemen.kz.
Сумен толық қамтылған өңірлер: Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Жетісу, Ұлытау облыстарының қалалары. Маңғыстау облысының ауылдық жерлерінде де сумен толық қамтуға қол жеткізілді.
Ал қала тұрғындарын сумен қамту деңгейі 99,3%-ды құрап отыр. 90 қаланың 73-ін ауыз сумен толық қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Е.Нағаспаевтың айтуынша Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Семей қалаларын қоса алғанда, қалған 17 қалада осы жылдың соңына дейін толық қамтамасыз етіледі.
Министрдің деректері бойынша ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу деңгейі 97,5%-ға жетеді. Елдің 6148 ауылының 5679-ы суға қол жеткізе алады.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше ауылдардың көбі – 4 420 (94,8%), орталықтандырылған жүйелерге қосылған, ал 999-да (2,6%) кешенді блок-модульдер орнатылған. Қалған 469 ауылда (халқы 164,7 мың адам) орталықтандырылған жүйелерге қосу немесе блок-модульдерді орнату жұмыстары республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жүргізіліп жатыр.