Қазақстанда азаматтық және қызметтік қарулардың айналымына байланысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді пневматикалық және сигналды қарудың жекелеген түрлерін арнайы рұқсатсыз сатып алуға жол ашылды. Бұл өзгерістер Ішкі істер министрлігінің жаңа бұйрығында көрсетілген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қандай қаруды рұқсатсыз алуға болады?
ІІМ 2019 жылы бекіткен азаматтық және қызметтік қару мен оларға арналған оқ-дәрілер айналымы ережелеріне өзгерістер енгізілді. Ең басты жаңалық – пневматикалық, сигналды және охолощенді қару түрлеріне қатысты талаптардың жеңілдеуі.
Атап айтқанда, калибрі 4,5 мм-ге дейін және дүмпу энергиясы 7,5 Дж-ден аспайтын пневматикалық қарулар мен сигналды қаруларды енді арнайы рұқсатсыз сатып алуға болады. Алайда сатып алушы келесі құжаттарды ұсынуы керек:
Сотталмағаны жөнінде анықтама; Психикалық және наркологиялық диспансерлерден алынған анықтамалар; Қарумен қауіпсіз жұмыс істеу бойынша дайындықтан өткенін растайтын құжат.Ал әскери қызметшілер (резервтегілерден басқа), арнайы органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері (өрт сөндіру қызметін қоспағанда) мұндай анықтамаларды ұсынбай-ақ, растаушы қызметтік құжат негізінде қару сатып ала алады.
Газ баллондарын сату тәртібі қандай?
Слезоточивті немесе тітіркендіргіш әсері бар құрылғылар (мысалы, механикалық шашыратқыштар, аэрозоль баллондар) да рұқсатсыз сатылады, бірақ сатушы тарапынан міндетті нұсқаулық берілуі және сатып алушының арнайы журналға қол қоюы талап етіледі.
Охолощенді қару – тек рұқсатпен
Бұл қару түрін тек:
Қару жинауға лицензиясы бар азаматтар; «Қару айналымын мемлекеттік бақылау туралы» заңда көрсетілген заңды тұлғалар ғана сатып ала алады.Медициналық анықтама қажет емес
Әскери қызметшілер мен арнайы шенді қызметкерлерге қару сатып алуға рұқсат алу кезінде медициналық қарсы көрсетілімдер туралы анықтама ұсыну міндетті емес.
Мемлекеттік қызметтер – электрондық форматта
Сонымен қатар ІІМ 2020 жылғы 27 наурызда бекіткен бұйрыққа да өзгерістер енгізілді. Енді қару мен пиротехника айналымы бойынша барлық мемлекеттік қызметтер электрондық форматта (жартылай автоматтандырылған түрде) көрсетіледі.
Бұл қызметтерге мыналар кіреді:
Сауда, өндіру, жинау бойынша лицензиялар беру; Тиру мен тасымалдауға рұқсаттар; Қару сақтау, алып жүру, сатып алу; Импорт/экспортқа рұқсат алу; Пиротехникалық заттарға қатысты барлық рұқсат түрлері.Құжаттар тізімі де жеңілдетілді. Мысалы, өтінімдер электронды үкімет арқылы тапсырылады, ал қажетті мәліметтер (төлқұжат, салық төлемі, қару иелену тәжірибесі т.б.) автоматты түрде мемлекеттік базалардан алынады. Әскери қызметшілер мен шенді тұлғалар үшін медициналық анықтамалар ұсыну талабы алынып тасталды.
Ерекше талаптар
Спортшылар, аңшылар, туристер мен шетел азаматтары үшін арнайы құжат формалары мен растайтын анықтамалар қажет. Мысалы, спорт федерацияларынан алынған анықтамалар, елшілік қолдаухаттары немесе электрондық нұсқадағы рұқсат қағаздары.
ІІМ 2020 жылғы 22 қыркүйекте бекіткен рұқсат құжаттарының тізбесіне де өзгерістер енгізілді. Енді қару ұстауға қарсы көрсетімдердің болмауын растайтын анықтама жаңа 076/у формасымен беріледі.
Бұйрық 2025 жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енеді, яғни алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күн өткен соң.