• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 15:25

Трамп: «Дүкеніңді жап та, Оңтүстік Африкаңа қайт»

20 рет
көрсетілді

АҚШ Президенті Дональд Трамп пен әйгілі кәсіпкер Илон Маск арасындағы риторикалық қақтығыс жаңа қарқын алып отыр. Бұған себеп – Сенат қарауындағы шығындар мен салықтарға қатысты заң жобасы. Маск бұл құжатты «ақылға қонбайтын» және Республикалық партия үшін «саяси суицид» деп бағаласа, Трамп оған жауап ретінде: «Дүкеніңді жап та, үйіңе – Оңтүстік Африкаға қайт» деп шүйлікті, деп жазады Egemen.kz.

Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде Трамп:

«Электромобильдер – жақсы дүние. Бірақ оларды бәріне күштеп тықпалаудың қажеті жоқ. Илон – тарихтағы ең көп субсидия алған адам. Сол субсидиялар болмаса, әлдеқашан кәсібін жауып, Оңтүстік Африкаға кетер еді», деп жазды Ақ үй басшысы.

Трамп сонымен қатар Илон Маск басшылық еткен Департаменттің (DOGE – Мемлекеттік тиімділік департаменті) шығындарын тексеруді ұсынды:

«Зымырандар мен спутниктерді ұшыруға да, электромобильдер жасауға да тыйым салсақ, ел бюджеті миллиардтаған доллар үнемдер еді. DOGE-ге осы бағытты мұқият зерттеуге кеңес беремін», деді ол.

Даудың басы – Трамп мақтанышпен One Big Beautiful Bill (Бір үлкен әдемі шот) деп атаған заң жобасы. Құжатта:

4 триллион доллардан астам салықтық жеңілдіктерді ұзарту, шайпұлға салынатын салықтарды алып тастау, иммигранттарды жаппай депортациялау кампаниясына қаржы бөлу, «Алтын күмбез» атты зымыранға қарсы жаңа қорғаныс жүйесін салу сияқты бастамалар қамтылған.

Сенат заң жобасын алдын ала мақұлдап, енді түпкілікті дауыс беруге кіріспек.

 

Маск: «Біз шошқалар партиясында өмір сүріп жатырмыз»

Қоғамда қызу пікірталас туғызған заң жобасына қатысты Маск өз позициясынан таймай отыр. X (бұрынғы Twitter) желісінде ол:

«Мемлекеттік қарыз шегін бес триллион долларға көтеретін мұндай жойқын заң – елді бірпартиялық жүйеге айналдырып жатыр. Бұл – Шошқалар партиясы! Халықты шынайы ойлайтын жаңа партия керек»,  деп жазды.

Айта кетейік, Маск бұған дейін Трамптан кешірім сұрағанымен, «бір үлкен, көркем заңды» қолдамайтынын ашық мәлімдеді.

Трамп пен Маск арасындағы тартыс тек екі беделді тұлғаның ерегесі емес. Бұл – АҚШ-тағы бюджеттік саясат, мемлекеттік субсидиялар мен технологиялық индустрия болашағына қатысты ірі қоғамдық пікірталастың бір көрінісі. Кәсіпкер мен саясаткер арасындағы мұндай сөз қақтығысы алдағы сайлау алдындағы науқанға да әсер етуі мүмкін.