Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп жазады Egemen.kz.
Жарыстың 28-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы ойынын әлемдік рейтингіде 55-орында тұрған испаниялық Хауме Муньярмен өткізді.
Бұл қос спортшының өзара алғашқы кездесуі еді.
Бірінші партияда Муньяр 3:1 есебімен алға шығып, сол қарқынынан танған жоқ — 6:4.
Екіншісінде есеп 3:2 болған мезетте Бублик брейк жасай білді — 6:3.
Үшінші сетте испаниялық теннисші 3:1 есебімен алға кеткенімен, Бублик алысқа ұзатпады — 3:3. Содан кейін тағы бір брейк жасап, өз геймін де алды — 6:4.
Төртінші партияда есеп 1:1 болғанда, қазақстандық спортшы брейкке қол жеткізді. Алайда есеп 5:4 болып, матчқа доп бергенде, сол мүмкіндігін мүлт жіберді. Тай-брейкте Муньярдың асығы алшысынан түсті — 7:6 (7:5).
Шешуші, бесінші сетте Муньяр жеңісті жұлып алды — 6:2.
Үш сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Бублик 21 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тек бесеуін жүзеге асырды. Муньяр 8 эйс, 6 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Х.Муньяр үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 58-ракеткасы, мажарстандық Фабиан Марожанмен таласады. Ол алғашқы айналымда рейтингіде 181-сатыдағы аустралиялық Джеймс Маккейбті жолдан тайдырды — 6:1, 6:4, 6:3.
Өткен жылы А.Бублик Уимблдонда үшінші айналымға дейін жеткен еді.