Кеше «Қажымұқан» фильмі үшін қуандық. Италияда үздік деп танылыпты. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы түсірген туынды Италияда өткен XXIX халықаралық «Ipaaf – Apoxiomeno» кинофестивалінде жоғары бағаланыпты.
Кинотуынды фестивальдің басты марапаттарын иеленіп келіпті. Атап айтсақ, «Үздік фильм», «Ең үздік ер адам рөлі» (Ербол Төлепберген), «Үздік режиссура» (Қанағат Мұстафин), «Үздік сценарий» (Қанағат Мұстафин, Жанат Қасабеков) аталымдарына лайық деп танылған.
Режиссері Қанағат Мұстафин тарихи фильм сценарийіне 2012 жылы кіріскенін айтады. 2020 жылы түсірілімін бастап, он жылдан астам уақыт зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде туынды өткен жылы үлкен экранға ұсынылып, прокатқа шықты.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы – француз күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Ол әлемдік, өңірлік, ресейлік, кейін Бүкілодақтық супер ауыр салмақтағы классикалық күрес чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Балуан спорттық мансабында елуге жуық медаль мен марапатқа ие болып, ұлт мақтанышына айналды.
«Ipaaf-Apoxiomeno» фестивалі 30 жылға жуық ұйымдастырылып келеді. Италияда өтетін беделді халықаралық кинофестиваль жыл сайын кино, өнер және мәдениет саласындағы үздік туындыларды марапаттайды. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды қозғайтын, көркемдік деңгейі жоғары және мәдени дамуға ықпал ететін шығармаларға баса назар аударады. Әр жылдары бұл фестивальде әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрнекті өнер қайраткерлері жеңімпаз атанды.