• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Шілде, 2025

Сәулетті спорт кешені

40 рет
көрсетілді

Зеренді ауылында заңсыз шетке шығарылған қаражаттың елге қайтарылуы есебінен заманауи спорт мектебі салынып, салтанатты түрде ашылды. Бір кезде заңсыз шетел асқан қыруар қаржы шым-шымдап елге қайтарылып, игілікке жаратылып жатыр. Бір жақ­сысы, мұндай қаражат әлеуметтік инфра­құрылымдарды дамытуға бағытталады. Жаңа спорт мектебінің ашылу салтанатында облыс әкімі Марат Ахметжанов бұл іс мемлекеттік саясаттың басымдық берілген бағытының бірі екенін атап айтып, соның арқасында жаңа жобалардың жүзеге асып жатқандығын мәлімдеді.

Тұтастай алғанда, өңірде спорт нысандары көптеп бой көтеріп жатыр. 2024 жылы 17 жаңа спорт нысаны салынды. Бүгінде 10 заманауи спорт ғимараттарының құрылысы бас­талды. Бір айта ке­тер­лігі, жаңа спорт мектептері елі­міздің атын шығарған спортшылар туып-өскен жерлерге ­салынады. «Тұлпар ауна­ған жерде түк қалады» дегендей, ел мерейін өсірген майталман спортшылардың кіндік қаны тамған топырақта алдыңғы толқынның жолын қуатын жасөспірімдер де аз емес. Сал­танатты рәсімге қатысқан елі­міздің Бас прокуроры Берік Асылов елге қайтқан қара­жат көптің игілігіне жараты­лып жатқандығына баса тоқталды.

«Бүгін біз үзіліп түс­кен моншақтай, сайын Сары­арқа­­ның төсінде орын тепкен ауыл­­­да тағылымды оқиғаның куәсі болып отырмыз. 2022 жылдан бастап елімізде шет­­ке шығарылған активтер қайтарылып жатыр. Заң қабылданды, арнайы орган құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл қаражат ел игілігіне жаратылуы керек. 2024 жылы 707 миллиард теңге қайтарылған болса, 240 миллиард теңгеге 333 әлеуметтік және коммуналдық нысандар салынып жатыр, – деді Берік Асылов. – Қомақты қаржының әр тиыны болашаққа жұмыс істеуі қажет».

Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының ақпаратына қарағанда, Зеренді ауылындағы спорт мекте­­бі­нің құрылыс жұмыстары жылдам жүргізіліп, қысқа мерзімде жүзеге асырылды. 2025 жылдың қаңтар айын­да құрылыс жұмысын бір жылда аяқтау туралы келі­сім­шартқа қол қойылған. Енді, міне, мектеп алғашқы тәр­бие­­ленушілерін қабылдауға тап-тұй­нақтай дайын. Спорт мектебінде күрес, бокс, ауыр атлетика, жалпы дене тәрбиесі, сондай-ақ шаңғы спортымен айналысуға мол мүмкіндік бар. Жаттығу алаңдары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Медицина кабинеті жұмыс істейді.

Өңір тұрғындары еңсесі биік, әсем, жайлы спорт мек­тебіне жоғары баға берді. Бір айта кетерлігі, бұл – жалғыз зе­ренділіктердің ғана емес, тұтас өңір тұрғындарының игілігі үшін атқарылған шаруа. Мұнда облыстың барлық жас спортшысы жаттыға алады. Қысқасы, буырқанған бұла күшпен, спортпен айналысу­ға деген ынта-ықыластың шымырлап қайнап, ширығатын орталығы.

Ғимарат 6 000 шаршы метр жерді алып жатыр. Бір мез­гілде 90 адамды қабылдай алады. Өзге аудандардан келіп спорт мектебінде оқу-жатты­ғу ­­жиындарын өткізетін жас спорт­­­шыларға арналған 48 адам­­­­дық жатын корпусы бар.

Спорт мектебінде 42 адам жұмыс істейді. Толық қуатына көшкен кезде 73 адам жұмыспен қамтылып, жаңа спорт кешені өңірдегі спортты дамытудың қуатты тетігі болмақ.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы