Қоғамда көзге көрінбейтін қауіптер болады. Олар мылтықсыз соғыс салып, адамзаттың өміріне төтенше қатер төндіреді. Осындай жағдайда көмекке келетін – радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау (РХБҚ) әскерлері. Бұл құрылымның жауынгерлері көзге көрінбейтін жаумен күресте алдыңғы шепте жүреді. Олар – бейбіт күннің батырлары. Бүгінде Қарулы Күштердің құрамындағы ерекше міндет жүктелген бұл құрылым өз тарихын 1992 жылғы 2 шілдеден бастайды. Дәл осы күні еліміздің Қорғаныс министрлігі құрамында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімі құрылған болатын. Уақыт өте келе заман талабына сай жаңғырып, 2020 жылы радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс және экологиялық қауіпсіздік әскерлері департаменті болып қайта құрылды. Бұл олардың маңызын арттырып, жауапкершілік аясын кеңейте түсті, деп жазады Egemen.kz.
РХБҚ әскерлерінің басты мақсаты – төтенше жағдайда, соның ішінде радиоактивті, химиялық немесе биологиялық ластану кезінде жауынгерлік тапсырмалардың үзіліссіз орындалуын қамтамасыз ету, жоғалтулардың алдын алу, сондай-ақ жоғары дәлдіктегі қару түрлерінен қорғану. Сонымен қатар, Қарулы Күштер шеңберінде экологиялық қауіпсіздік пен табиғатты қорғау заңнамасының орындалуын қадағалау – осы сала мамандарының тікелей міндеті.
Бұл құрылымның қоғам алдындағы нақты үлесін пандемия кезеңі айқын көрсетті. COVID-19 індеті таралған тұста РХБҚ әскерлері қос мақсаттағы күш ретінде жергілікті биліктің сұранысымен қоғамдық орындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарда дезинфекция жұмыстарын атқарды. Қауіпті вирустан қорғануға бағытталған бұл қызмет – мыңдаған адамның амандығына кепіл болды. Сол еңбектің лайықты бағасы ретінде көптеген әскери қызметші «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
РХБҚ мамандарының миссиясы мұнымен шектелмейді. 2024 жылғы көктемде орын алған жойқын су тасқыны кезінде де олардың еңбегі елеулі болды. Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында 80-нен астам нысанда дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, өңделген жалпы аумақ көлемі 750 гектардан асты.
Уақытпен бірге қауіп те күрделене түсті. Сондықтан РХБҚ бөлімшелерін жаңа буындағы, отандық әрі заманауи техникалармен жарақтандыру – басым міндеттердің бірі. Қазірдің өзінде РХБ барлау кешендері, аэрозольді бүркемелеу машиналары, санитарлық өңдеу станциялары, биологиялық барлау техникасы мен роботтандырылған кешендер – барлығы да радиациялық және биологиялық қауіптің алдын алуға бейімделген. Сонымен қатар, бұл салада «Солнцепек» тәрізді жоғары қуатты жүйелер де қолданылып келеді.
Бейбіт заманда әскери қауіп азайғанымен, биологиялық және химиялық қатер үнемі өзекті. Сондықтан РХБҚ саласының офицерлері мен мамандары – еліміз үшін өте маңызды, стратегиялық кадрлар. Олардың кәсіби дайындығы Құрлық әскерлерінің әскери институтында қамтамасыз етіледі. Бұл білім ордасында олар теориямен қатар практикалық дағдыларды меңгереді. Ал білімін жетілдіру үшін біліктілікті арттыру курстары, жауынгерлік даярлық сабақтары және түрлі деңгейдегі оқу-жаттығулар ұйымдастырылады.
РХБҚ қызметі – тек кәсібилікті ғана емес, ерлік пен адалдықты талап ететін сала. Қауіпті жағдайда сабыр сақтап, салқынқандылықпен шешім қабылдай білу – бұл жауынгерлердің бойындағы ең бағалы қасиеттердің бірі. Олар радиация мен удан қорғайды, биологиялық қатердің алдын алады, экологияны сақтайды. Ал бұл – мемлекеттің болашағын қорғау деген сөз.
Сондықтан олардың еңбегі – ел алдындағы ұлы міндет. Халықтың амандығы мен сарбаздың серті тоғысқан жерде радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің шын келбеті көрінеді. Олар әрдайым қауіптің алдыңғы шебінде. Ендеше, осындай батыр мамандар әрқашан құрметке лайық.