• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 17:09

Степногорскінің жылу желілеріне реконструкция жасалады

10 рет
көрсетілді

Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жүйелі жүргізіліп жатыр. Үкімет қаулысымен Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласының жылу желілерін реконструкциялау үшін резервтен шамамен 2,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Аталған қаражат жедел реконструкциялауды қажет ететін диаметрі 530 мм болатын 6,5 шақырым жылу желілерін жөндеуге бөлінген. Қаланың жылу желілерінің ұзындығы 123,8 шақырым. Магистральдық жылу желісі 1968 жылы салынған және тозу деңгейі 84,4%-ды құрайды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше келешекте «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025-2026 жылдары 5,8 млрд теңге сомасына ұзындығы 9,5 шақырым, диаметрі 820 мм болатын магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жөніндегі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Аталған жұмыстарды жүргізу алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындалуға, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге салайық, Степногорск қаласының халық саны шамамен 46 мың адамды құрайды, көп қабатты үйлер саны – 316, әлеуметтік нысандар – 65, басқа тұтынушылар – 342. Барлық тұрғын үйлер мен нысандар орталықтандырылған жылытуды тұтынушылар болып cаналады, жалпы максималды жылу жүктемесі – 175 Гкал.