• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:10

Жаз маусымының бір сынағы

10 рет
көрсетілді

Метеорологиялық қызмет биыл­ғы жаздың қалыптағыдан 2-3 градус жоғары екенін айтады. Ыстық күндері қолы бос жанның бәрі, әсіресе балалар, жастар өзен-көлдер жағасына асығады. Солтүстік Қазақстан өңірінде суға түсуге болатын 60 өзен мен жылға, 2 мыңнан артық көл, жүзге жуық қазылған су қоймасы бар.

Алайда су қоймалары тегіс қауіпсіз емес, ішінде күрт төмендеп кететін тереңдері де, ағыны қатты өзендер де бар. Кейінгі он жылда облыста 216 адам, оның ішінде 34 бала суға батып кеткен. Ал кейінгі үш жылда ғана 15 адам судан қаза тапты. Былтыр суға түсу маусымы басталмай жатып үш бала суға кетті. Аса қауіпті су қоймалары қатарында Есіл өзені, Алакөл, Соленый, Лебяжье, Үлкен Тораңғұл, Шалқар, Имантау көлдері аталады.

Қазір барлық көлдің алтауы коммуналдық меншікке қарайды, қалған елу төртін кәсіпкерлер жалға алған. Осылардың ішінде кейбір су қоймаларының шомылуға қауіпті екенін бақыламайтындары жиі кездеседі. Осы тұрғыда азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ризабек Темірбеков биылғы судан сақтандыру шаралары туралы айтып берді.

«Біз барлық су қоймаларындағы қауіпсіздік шараларын тексердік. Жедел құтқару жасағының күші мен құралдары төтенше жағдаймен күресуге дайын. Суға жүзу құралдары, сүңгу жарақтары да дайындық сапында. Атап айтсақ, 24 жүзу құралы суға түсірілген. Бұлардан басқа 25 моторлы қайы­ғымыз, суға сүңгу қажет етілген жағдайда қолданылатын 20 дана гидрокостюміміз бар. Халық суға көп түсетін Есілдің бойы мен Алакөлдің жағасына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Күн қатты ысып кететін болса, Шалқар, Имантау көлдеріне де осындай шаралар қолданбақпыз», деді ол. 

Жергілікті билік тарапынан 2025 жылғы суға түсу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қарастырған шаралар жоспары да бекітілген. Оның жұмысына «Аmanat» партиясының филиалы мен Жастар ресурсы орталығының мүшелері, полиция қызметкерлері, әскерилер тартылған. Осы уақытқа дейін ТЖ жөніндегі комиссияның екі отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша облыстық білім басқармасына барлық оқушыларға суға шомылу қауіпсіздігіне байланысты WhatsApp желісі арқылы ескерту ұсынылған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы