• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 09:30

Аймақтағы бірегей технопарк

20 рет
көрсетілді

Осы күні елордамыз тек әкімшілік немесе мәдени орталық қана емес, сонымен қатар жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген инновациялар алаңына айналды. Ал аталған бағыттағы бастамалардың өзегі – «Astana Hub». Бәсеке табалдырығын 2018 жылы аттаған бұл алғырлар ордасы – бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық технопарктың бірегейі.

Қазіргі таңда «Astana Hub»-та «Playrix», «TikTok», «inDrive», «EPAM», «Glovo», «Presight.ai» сияқты ірі халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан. Сондай-ақ былтыр инфрақұрылым Яндекс, «Telegram», «Higgsfield», «Naimi.kz», «Funtyx Games» және нарықтың басқа да ірі ойыншыларымен толықты. Өңірлерде 450 стартап-идея әзірленіп, 186 IT-компания «Astana Hub» технологиялық экожүйесінің бір бөлігіне айналды.

«IT-сала экономиканың басқа бағыт­тарымен салыстырғанда орасан зор өсім көрсетіп келеді. Былтыр инвестиция 40%-ға, IT-қызметтер экспорты 52%-ға, саланың жалпы табысы 48%-ға өсті, ал жұ­мыс орындарының саны 12%-ға артты. Бұл жетістіктер, бір жағынан, мемлекеттік қол­даудың тиімді моделінің арқасында мүм­кін болып отыр. Басымдық адам капиталын дамытуға қойылды. Кейінгі 5 жылда мем­лекет «Astana Hub»-қа 15 млрд теңгеге жуық қаражат салды, ал оның қайтарымы ретінде IT-саласынан 1,5 триллион теңге табыс пен 1,1 млрд доллар таза экспорттық кіріс алды. Осылайша, минималды са­лыммен IT-сектор үлкен сер­піліс жасады», деді «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.

Былтыр «Astana Hub» базасында еліміздегі алғашқы жа­санды интеллект мектебі – «Tomorrow School» ашылды. Мұнда білім алушылар бағдарламалаудың қыр-сырын меңгеріп, қауым­дас­тықтар құрып, оқу клубтарын ұйымдастырып, өзара тәжірибе алмасады. Алдыңғы жылы бұл мек­теп алты іріктеу кезе­ңін өткізіп, оған шама­мен мыңға жуық адам қатысты. Қазіргі таң­да негізгі оқу бағдар­ламасында 216 студент білім алып жатыр. Қатысушылар бір­қатар мамандықты таңдай алады, соның ішінде AI-инженері, бағдарламалық жасақтаманы, мобильді қосымшаны әзірлеуші, «DevOps» инженері, IT жүйелерінің архитекторы, киберқауіпсіздік маманы атануға мүмкіндік бар.

«Tomorrow School»-дың оқу үдерісі «Astana Hub» базасында ­офлайн түрде өтеді. Мектеп тәулік бойы жұмыс істейді, яғни әр студент өзіне ыңғайлы уақытта, өз қарқынымен білім алады. 18 ай ішінде олар 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, «Python», «JavaScript», «Golang, Rust» секілді 20-ға жуық бағдарламалау тілін меңгере алады. Бағдарлама соңында әр студент өз бағытын таңдайды, олар AI-инженер, ойын жасаушы, DevOps-инженер немесе киберқауіпсіздік маманы атанады.

Сегіз айдың ішінде «Tomorrow School»-да мықты қауымдастық қалыптасты. Бұл жерде студенттер тек өз білімін жетілдірумен ғана шектелмейді. Атап айтқанда, бірі ағылшын тілін үйретсе, енді бірі көпшілік алдында сөйлеу шеберлігіне немесе AI құралдарын бизнес саласында қолдануға баулиды. Білім алушылардың жас айырмашылығы, мамандықтары мен тәжірибесі әралуан. Десе де, барлығын бір арнаға тоғыстыратын ортақ мақсат бар. Ол – IT саласында өз орнын тауып, жаңа дағдыны игеру.

Жасанды интеллект мектебіндегі ең жас студенттердің бірі – Станислав Кулешов. Ол небәрі 18 жаста. Студент С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университетінде білім алады. «Tomorrow School»-ға келгенге дейін оның бағдарламалау бойынша тәжірибесі болмаған. Алайда негізгі дағдыларды меңгеріп, оны іс жүзінде қолдана бастады. Мәселен, Астанадағы кофеханалардың біріне онлайн тапсырыс жасауға арналған «Telegram Mini App» қосымшасын жасап берді. Сонымен қатар еуропалық компаниядан алғашқы тапсырысын да алды. «Ең бастысы – ықылас пен табандылық. Қазіргі таңда жүріп өткен жолыма көз жүгіртсем, бұл менің басымнан өтіп жатқан оқиға екеніне сене алар емеспін», дейді ол таңданысын жасыра алмай.

Ал осы мектептің тағы бір қатысушысы Азамат Жеңісовтің IT саласында аз да болса тәжірибесі болған. 20 жастағы Азамат Жеңісов – AITU-дың үшінші курс студенті. Ол «Киберқауіпсіздік» мамандығы бо­йын­ша оқиды. Бұрын-соңды басқа да IT мек­тептерде білім алса да, әртүрлі себеп­ке байланысты оқуды соңына дейін жеткізбеген екен. Ал «Tomorrow School»-ға келгенде бірден қолдау мен шы­найы қы­зығушылықты сезінгенін айта­ды. Нәти­же­сінде, ол «Beginner English Club» ашып, бүгінде басқа студенттерге ағыл­шын тілін­ үйренуге көмектесіп жүр. Сондай-ақ ірі компанияда тәжірибеден де өтті. «Мен күн сайын өзімді 1 пайызға болсын жақ­сар­туға тырысамын», дейді Азамат.

Кейбір адамдардың «Tomorrow School»-дағы жолы IT саласына деген қызы­­ғушылықтан емес, өзін-өзі тану мен өмір­дің мәнін іздеу ниетінен бас­тау алған. Мәселен, Әмір Жақышев мамандығы бо­йынша – экономист. Ол 10 жылдан астам уақыт дәстүрлі бизнесті дөңгелеткен, яғни IT саласына бойламаған. «Бағдарламалау өнері – тек ерекше дарыны бар адамдар­ға тән дүние деп ойлайтынмын. Бірақ «peer-to-peer» форматымен танысқан соң, бұл көзқарасым түбегейлі өзгер­ді. Елімізде де дәл осындай мектептің пайда болғанын естігенде қуандым. «Tomorrow School» – ЖИ мен IT саласын­да дамуды қалайтындар үшін үлкен мүмкіндік», дейді 36 жастағы Әмір Жақышев. Бүгінде ол «Public Speaking Club»-ты жүргізеді және «Astana Hub»-тың «AI’preneurs» акселерациялық бағ­дарламасына қатысады.

Әр студенттің жолы – өз алдына бір оқиға. Бүгінде мектеп жанында «AI Tools Club», «Kazakh Club», «Freelance Club», «Beginner English», «Public Speaking, Startup Club» сияқты 13 студенттік клуб жұмыс істейді. Клуб қатысушылары сабақтар өткізіп, өзара тәжірибе алмасып, көшбасшылық дағдыларын дамытады.

«Студенттер «Astana Hub»-тың «Startup Garage», «AI’preneurs» сияқты бағдарламаларына және «Decentrathon» хакатонына қатысады. Ал ерекше көзге түскендер «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиевпен жеке кездесуге шақырылып, еліміздің IT саласын, стартаптарды қолдау бағдарламаларын бірге талқылады», дейді «Tomorrow School»-дың комьюнити-менеджері Аружан Таубаева.

Білім беру алаңы одан әрі дамып, IT саласында білімін жетілдіруге ниет білдірген жандар үшін әрдайым ашық. Қазір «Tomorrow School»-дың 7-легіне өтінім қабылдау жүріп жатыр. Оқуға тіркелу 18 шілдеге дейін « tomorrow-school.ai» платформасында қолжетімді.