• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Елорда Бүгін, 10:20

Елорданың игілікті инфрақұрылымы

30 рет
көрсетілді

Астана еліміздің бас қаласы ретінде қалыптасу мен дамудың сан түрлі оқиғаларға, тағылымды іс-шараларға толы тағдырлы жолын еңсеріп үлгерді. Осы кезеңде қаланың аумағы төрт есеге, салынған тұрғын үй көлемі жиырма есеге жуық ұлғайып, халық саны төрт еседен астам өсті. Нақтырақ айтқанда, Астана тұрғындарының саны былтыр 1 520 756 адамды құрады. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай қала халқының саны 2,5 миллион адам болады.

Тұрғындардың тұрмыс-тір­шілігіне қолайлы мегаполис қалыптастыру мақсатында, Астананың бас жоспарына сәйкес, алдағы 10 жылда 120-дан астам мектеп, 170-тен астам балабақша, 50-ден астам денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізу қарастырылған. Сонымен қатар жаңа жылу көздерін, сорғы-сүзгі стансаларын, кәріздік тазарту құрылғыларын, электр желілеріне жүктемені төмендететін кіші стансалар салу жоспарланған. Алдағы екі жыл ішінде бас қаланың жеке секторлар бөлігі толық газдандырылады.

Тұрғындарды жылу, жарық, сумен қамтамасыз ету – қала инфрақұрылым қалыптастырудағы басым бағыттар. Астананың орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі бес энергия көзі – ЖЭО-1,­ ЖЭО-2, ЖЭО-3, «Тұран», «Оңтүстік-Шығыс» газбен жылыту стансалары негізінде жұмыс істейді. «Тельман» газды жылу стансасының құрылысы жалғасып жатыр. Келер жылы «Оңтүстік-Батыс» жылу стансасының құрылысы басталады. Бұл құрылымдар қалаға 2035 жылға дейін жеткілікті жылу беруді қамтамасыз етеді. Жалпы, бас қаладағы жылу желілерінің ұзындығы – 1009 ша­қырым. 14 сорғы стансасы, 2 жылу тарату пунктті қалыпты жұмыс істеп тұр.

Кез келген ірі қаладағы сумен жаб­дықтау, кәріз жұмысы – маңызды инже­нерлік құрылымның бірі. Бас қаладағы халық санының жылдам өсуі әсерінен құрылыс нысанының саны да артып, жыл сайын суды тұтыну көлемі ұлғайып келеді. Астана қала­сының коммуналдық шаруашылық басқар­масының деректеріне сүйенсек, өткен жылы елорданың инженерлік жүйесінде ауқымды жұмыстар ат­қа­рылған. Айталық, былтыр 24 шақырым сумен жабдықтау, 11 шақырым тұрмыстық кәріз желісі салынған. 8,1 шақырым сумен жабдықтау желісі, 2,1 шақырым тұр­мыстық кәріз желісі ауыстырылған. Биыл ұзындығы 4,73 шақырым су құбыры желісі, 1,54 шақырым кәріз желісі қайта жаңар­тылмақ. Су құбыры желілерінде 171 құдық­ты жөндеу, 265 ұңғыманы тазарту, 620 люк орнату жоспарланған. Қосымша кәріз желі­лерінде 9200 құдықты тазарту, 530 құ­дықты жөндеу, 57 шақырым желіні гидро­ди­намикалық жуу жұмыстары атқарылмақ.

Сумен жабдықтау желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Өткен жылы жалпы ұзындығы 6,5 шақырым болатын су құбыры желі­ле­рінің учаскелері ауыстырылған. Үшінші сор­ғы-сүзгі стансасының іске қосылуы мен Астана су қоймасының екінші су құбыры желі­сінің аяқталуының арқасында су қоры тәу­лі­гіне 70-80 мың текше метрді құрап отыр.

Қалада түрлі бағдарлама аясында­ көпқабатты тұрғын үй көптеп салынып, қолжетімді баспанамен қамту жұмысы жүріп жатыр. Жаңа тұрғын үй кешен­дерінің инженерлік желілермен қам­тылуы, аула инфрақұрылымы (ойын алаң­дары, спорт алаңдары) қатаң ескеріледі.

Астана бір-бірінен өткен әсем ғи­мараттары жарыса бой түзеген соны сәулетімен ғана емес, жайқалған жасыл желегімен, көшелерін жиектеген сәмбі талдары, көмкерген гүлдерімен тартымды шаһар ретінде де танымал. Саябақтар мен гүлзарлар, тұрғындар мен қонақтардың бос уақытын өткізуіне арналған орындар саны жыл санап артып келеді. Биыл шамамен 180 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абат­тандырылады. Абаттандыру барысында көгалдандыру жұмысына ерекше көңіл бөлінеді.

Қаланың әлеуметтік-экономика­лық тұрғыда қалыпты, тиімді іркіліссіз жұмыс істеуі жолында жетілген жол-көлік инфрақұрылымының мән-маңызы ерекше. Жол-көлік инфрақұрылымы – қаланың тыныс-тіршілігінің берік темір­қазығы. Алаңдататыны, Астана жолдары бүгінде көлік тасқынына кептеліп тұр. Күн сайын қала көшелеріне, жан-жақтан келетін көліктерді қоса есептегенде, 400 мыңнан астам автокөліктер шығады екен. Осы жағдайды ескере келіп, кейінгі жылдары елорданың жол-көлік инфрақұрылымын түбегейлі қайта құру, қала көшелеріндегі көлік кептелістерін жойып, кедергісіз көлік қатынасын қам­тамасыз ету мақсатындағы кешенді ­шаралар қолға алынды. Жаңа жол айы­рығы, көпір, туннель мен айналма жол көптеп салынып жатыр. LRT жобасы қайта жалғасты. Қоғамдық көлікті дамытуға басымдық беріліп отыр, экологиялық ­автобус саны артты.

Көлік стратегиясының тиімділігі жол-көлік инфрақұрылымын дамы­ту­мен ғана шектелмейді. Бұл ретте қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қаты­насының, жолаушыға көрсетілетін қызмет сапасының да айрықша мәні бар. Осыған орай елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту, жолаушыға барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету жайы жүйелі түрде жетілдіріліп отырады.

Жүзеге асырылып жатқан осындай кешенді іс-шаралар елорданың базалық инфрақұрылымын түбегейлі түлетіп, ХХІ ғасыр қаласына тән халықаралық стандарттар дәрежесінен көрінуге толық жағдай жасайды. Бір сөзбен, Астана – еліміздің әкімшілік, саяси, мәдени орталығы ғана емес, заманауи инфрақұрылымы дамып келе жатқан мегаполис.