Атыраулық бойжеткен былтырғы күзде хабар-ошарсыз жоғалған еді. Жақында оның сүйегі Жайық өзенінің жағалауынан табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«Жайық өзенінің Махамбет ауданы аумағындағы жағалауынан 2024 жылғы қазан айында жоғалған 23 жастағы тұрғынның мәйіті табылды. Былтыр оның өліміне байланысты 24 және 25 жастағы екі күдікті ұсталып, қамауға алынған еді. Күдіктілерге қатысты адам өлтіру дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.
Атырау қаласының тұрғыны Яна Легдокимова 2001 жылы дүниеге келген. Ол Авангард-2 шағын ауданындағы пәтерінен былтырғы 18 қазанда сағат 22:00 шамасында шығып кеткен. Содан қайта оралған жоқ.