• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 12:43

Ақмола облысында сумен жабдықтау желілерін салуға 21,5 млрд теңге бөлінді

10 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жалғасуда. Ақмола облысында сумен жабдықтау жүйесін салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 21,5 млрд теңге бөлінді, деп жазады Egemen.kz.

Бүгінде өңірде сумен жабдықтау саласында 28 жоба жүзеге асырылуда. Зеренді ауданында жаңа су құбыры желілерін салуға және қолданыстағы су құбыры желілерін жаңғыртуға 6 млрд 564 млн теңге қарастырылған. Жұмыстар Ақадыр, Жылымды, Қанай би, Көктерек, Садовое, Троицк, Васильковское, Өркен, Өзен және Баратай ауылдарында жүргізілуде.

Олардың ішіндегі ең ірісі – 1 мыңнан астам адам тұратын Өркен кентіндегі ұзындығы 6 шақырым сумен жабдықтау жүйесі. Жобаның құны – 583 млн теңге.

Одан бөлек, облыстың 9 ауданында 2 млрд 287 млн теңгеден астам сомаға сумен жабдықтаудың жаңа көздерін салу және қолданыстағы жүйелерді реконструкциялау жүзеге асырылуда. Нысандарды пайдалануға беру осы жылдың соңына жоспарлануда.

Сандықтау ауданында топтық су құбыры салынуда. Жоба бойынша 22,3 шақырым сумен жабдықтау желілерін салу көзделген. Оны жүзеге асыруға арнаулы мемлекеттік қордан 200 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ Нұра топтық су құбырын реконструкциялау және Покровское ауылынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Екі жобаның жалпы құны – 9,5 млрд теңге.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында қалалық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметі 99%-ды, ал ауылдық елді мекендерде 96,6%-ды құрайды.

Бүгінгі таңда елімізде қайтарылған активтерге денсаулық сақтау, спорт, сондай-ақ инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту салаларындағы жобалар жүзеге асырылуда.