• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 13:30

Сүт шаруашылығында бұрын-соңды болмаған өсім тіркелді

20 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет отырысында мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау және өңірлердегі табысты тәжірибелерді кеңінен тарату мәселелері талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

«Qazaq sut» Республикалық сүт және Ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдары палатасының атқарушы директоры Азамат Сағынбаев Қазақстан сүт шаруашылығында бұрын-соңды болмаған өсу қарқынына жеткенін айтты.

2023 жылдан бастап елімізде жиынтық қуаты жылына 300 мың тоннадан астам сүтті құрайтын 48 жаңа сүт-тауар фермасы іске қосылған. Жобаларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 150 млрд теңгеден асқан. Ал 2020 жылға дейін республика бойынша жыл сайын орта есеппен осындай екі ферма ғана салынған екен. 

Азамат Сағынбаевтың айтуынша, сүт трансформациясының көшбасшысы - Солтүстік Қазақстан облысы. Онда 2021-2022 жылдары 21 кәсіпорын іске қосылған. Соның арқасында аймақ 2025 жылы еліміздің агроқұрылымдары арасында сүт өндіру көлемі бойынша бірінші орынға шыққан.«Жаңадан іске қосылған сүт-тауар фермаларында бір жай сиырға орташа жылдық сүт көлемі 8,2 мың литрден келеді, ал сүтті сиырларда 11 мың литрге жетеді. Бұл Еуропаның сүтті мол өндіретін елдерінің деңгейімен сәйкес. Сүт шаруашылықтары өңірдегі өндіріс саласын өсімге бастап қана қоймай, ауылдарда жұмыс орындары мен инфрақұрылым қалыптастыра алатын құзырет орталықтарына айналып жатыр», деді ол.

Саладағы өсімге субсидия, қолайлы кепіл шарттары бар 2,5-дық несиелер, «Кең дала» бағдарламасы арқылы тұқымдар мен тыңайтқыштардың қолжетімді болғаны, мал азығы базасының дамуы әсер еткен.

Палатаның атқарушы директоры сүт шаруашылығы саласында елеулі табысқа жеткен СҚО тәжірибесін бүкіл елге кеңірек таратуды ұсынды.  Ол үшін министрліктер мен әкімдіктер тарапынан үлгілік жобадағы шешімдер мен институционалдық қолдау керек.