Қазақстан табиғи байлыққа бай ел болғанымен, орман қорын сақтау үлкен сынға айналып отыр. Елдегі орман кесудің ауқымы мен оның салдары тек экологиялық емес, сонымен қатар құқықтық, әлеуметтік және басқарушылық деңгейдегі күрделі мәселелер қатарында тұр, деп жазады Egemen.kz.
Жергілікті бақылаудың әлсіздігі, заңнаманың толық орындалмауы, ауылдық аймақтардағы энергия тапшылығы мен заңсыз кесулер. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Ендеше, осы түйткілдің тамырын тереңнен тартып, нақты шешім жолдарын қарастырайық.
Құқық бар, қадағалау жоқҚазақстанда орман пайдалану мен қорғау саласында біраз нормативтік база қалыптасқан. Орман кодексінде ормандарды қорғау, пайдалану мен қалпына келтірудің нақты ережелері бекітілген. Алайда заң мен шынайы өмір арасында айырмашылық айқын сезіледі. Қағаз жүзінде бар талаптар мысалы, санитарлық кесуге дейін патологиялық зерттеу жүргізу немесе орманды екі жыл ішінде қалпына келтіру міндеті көп жағдайда орындалмайды.
Мәселен, сақсауыл ормандары, экожүйенің ең нәзік элементтерінің бірі заңсыз отын көзіне айналып отыр. Шөлейттену қаупі төніп тұрған Қазақстан үшін бұл экологиялық апатқа жол ашуы мүмкін. Ресми дерекке сүйенсек, кесілген ағаштардың шамамен 30 пайызы заңсыз. Бұл ауылдық жерлердегі отын тапшылығымен қатар, бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді.
Осыған байланысты қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде «Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралуда. Бұл Заң жобасы нормативтік базаны күшейтуге және саланы басқарудың құқықтық тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Заң жобасын әзірлеуге және сараптамалық сүйемелдеуге Қазақстан Республикасы Парламентаризм институтының мамандары белсенді қатысып, орман экожүйелерін қорғау мен табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды арттыруға бағытталған ұсыныстар енгізіп отыр.
2003 жылдан бастап қолданыстағы Орман кодексінде еліміздің орман ресурстарын қорғауға және заңсыз кесуге қарсы күреске бағытталған бірқатар баптар бар.
Атап айтқанда, 14-бапта ормандардың санаттары анықталған, олардың ішінде ерекше қорғалатын ормандар (сақсауылды ормандар, таспалы ормандар және жағалауды қорғайтын ормандар) басымдыққа ие. Мұндай ормандарды кесуге тек заңмен көзделген ерекше жағдайларда және арнайы рұқсатпен ғана жол беріледі.
34-бапта орман учаскелерін пайдалануға беру реттеледі. Арендаторлар орман учаскелерін тек орман орналастыру құжаттамасына және бекітілген игеру жобасына сәйкес пайдалана алады. Бұл талаптарды сақтамау жалға алу құқығынан айыруға және әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
41-бапта Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілетін кесу түрлері сипатталған. Олар: негізгі кесу (пайдаланушылық ормандарда), санитарлық кесу немесе іріктеп кесу. Санитарлық кесулер алдында орманда патологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет, бірақ бұл талап көбінесе орындалмай, соның салдарынан сау ағаштар кесіліп жатады.
57-бапта ағаш дайындау ережелері белгіленген, соның ішінде ағаш кесу билетін алу міндетті, онда кесілетін көлемдер, ағаш тұқымдары және мерзімдері көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, ағаш дайындау кезінде экологиялық талаптарды сақтау міндеттеледі.
73-бапта негізгі кесуден кейін екі жыл ішінде орманды қалпына келтіру міндеті қарастырылған. Алайда бұл міндеттің орындалуын бақылау тетіктері жеткіліксіз.
80-бапта орман заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленеді: заңсыз кесу, орман екпелеріне зиян келтіру және қалпына келтіру шараларын қабылдамау. Жауапкершілік айыппұлдарды, өнімді тәркілеуді, ал ауыр жағдайларда қылмыстық жауапкершілікті қамтиды.
Осы нормаларға қарамастан, Орман кодексінің практикалық іске асырылуы жүйелі мәселелерге тап болып отыр. Жергілікті жерлерде уәкілетті органдар тарапынан бақылау әлсіз, орман күзетіне қаржыландыру жеткіліксіз, кесулерді бақылау ашық жүргізілмейді.
Қазақстанда табиғи ресурстарды басқару құрылымы жоғары орталықтандырумен сипатталады және жергілікті қауымдастықтар мен азаматтық қоғамның қатысуы шектеулі екені айқын. Мемлекеттік органдар, жеке сектор және экологиялық қауымдастық арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың болмауы да байқалады. Кесу және қалпына келтіру бойынша есептер қолмен жүргізіледі, ал ағаш материалдарының сандық есеп жүйесінің болмауы сыбайлас жемқорлық пен бұрмалауға жағдай жасайды.
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, елдегі жылдық орман кесу көлемі шамамен 20–25 мың гектарды құрайды. Кесудің негізгі себептері ретінде ауыл шаруашылығы қажеттіліктері, құрылыс жобалары және заңсыз кесуді атауға болады. Соңғысы, әсіресе, Оңтүстік және Батыс Қазақстанның шалғай аймақтарында жиі кездеседі.
Орманды қалпына келтіру өзекті мәселе болып отыр. Жыл сайын небәрі 12–15 мың гектар орман қалпына келтіріледі, бұл кесу көлемін жаба алмайды. 2021 жылы шамамен 8 миллион көшет отырғызылды, алайда бұл орман жамылғысын қолдау үшін жеткіліксіз ормандар ел аумағының небәрі 4,7%-ын ғана алып жатыр. Рұқсатқа сәйкес кесуден кейін екі жыл ішінде қалпына келтіру талабы болғанымен, тек 40%-ында ғана нақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Қолданыстағы нормативтік база мен бағдарламаларға қарамастан, Қазақстандағы орман кесу және қалпына келтіру жағдайы әлі де күрделі күйде қалып отыр.
Қазақстанда орман кесу және табиғи экожүйелердің тозуы мәселесіне арналған бірнеше ғылыми зерттеулер жүргізілді.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары Шығыс Қазақстан облысындағы орман алқаптарының тозуын зерттей келе, бұл өңірде орман жамылғысының қысқаруы тұрақты сипатқа ие екенін және қалпына келтіру қарқыны нормативтерден артта қалып отырғанын анықтаған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зерттеулерінде Маңғыстау және Қызылорда облыстарында сақсауыл алқаптарының азаю үрдісі байқалатыны айтылған. Бұл өңірлердегі кесудің 30%-ға жуығы санитарлық немесе шаруашылық негіздемеге ие емес. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы География институтының климат өзгерістері жағдайында табиғи аумақтардың тұрақтылығын талдау аясында жүргізілген зерттеулер орман ресурстарын мониторингтеудің біртұтас жүйесін спутниктік деректер мен геоақпараттық жүйелер (ГИС) негізінде құрудың маңызын атап өтеді.
Осыған орай, Парламентаризм институты бірқатар негізгі бағыттарға уәкілетті мемлекеттік органдардың назарын аудару қажет деп есептейді. Біріншіден, заңсыз кесуді тексеріп, құжаттарды сұратуға және тоқтатуға құқығы бар тәуелсіз орман инспекцияларын құру. Екіншіден, ағаш материалдарын есепке алу бойынша сандық платформаны енгізу, бұл қатты тұрмыстық қалдықтарды бақылау жүйесіне ұқсас, онда кесу және қалпына келтіру орындары міндетті түрде тіркелетін болады. Үшіншіден, орманды қалпына келтіруді мемлекеттік қолдау, соның ішінде қорықтар құруға субсидиялар және барлық кесулер үшін міндетті өтемдік отырғызу. Төртіншіден, заңсыз кесу үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту — техниканы тәркілеу, ірі айыппұлдар және мемлекеттік тендерлерге қатысуға тыйым салу. Бесіншіден, жергілікті тұрғындардың қатысуымен түсіндіру науқандарын және экологиялық тыңдауларды өткізу арқылы экологиялық мәдениетті арттыру. Соңында, аридті климат жағдайында ормандарды қорғаудың тиімді тетіктері бар елдермен (Израиль, Қытай, Моңғолия) халықаралық ынтымақтастық, оның ішінде шөлейтті аумақтарды қалпына келтіру бойынша пилоттық жобалар жүргізу қажет.
Қазақстан Республикасындағы орман кесу мәселесі салалық және жүйелі көзқарасты талап етеді. Бұл заңнаманы жетілдірумен қатар, оның орындалуын нақты бақылаумен қамтамасыз етуді көздейді. Мемлекет, жеке сектор және азаматтық қоғам арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл жағдайында ғана орман экожүйелерін сақтау мүмкін болады, бұл елдің экологиялық және климаттық қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Нұралы Нұртас Ерқанатұлы ПІБ қарасты Парламентаризм институтының Аграрлық мәселелер, экология және табиғатты қорғау заңнамасы орталығының маманы