Қытай шетелдік туристерді тарту және елдің халықаралық беделін арттыру мақсатында 74 мемлекеттің азаматтарына 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат берді. Бұл туралы ҚХР Ұлттық көші-қон қызметі мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, алғаш рет визасыз режим 2023 жылғы желтоқсанда Франция, Германия, Италия, Нидерланды, Испания және Малайзия азаматтары үшін енгізілген болатын. Кейін бұл тізім кеңейтіліп, оған Еуропаның көптеген елдері, сондай-ақ Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасындағы кейбір мемлекеттер кірді.
Сонымен қатар 16 шілдеден бастап бұл тізімге Әзербайжан да қосылады.
Қытай билігінің мәліметінше, 2024 жылы елге визасыз келген шетелдіктер саны 20 миллионнан асады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Ал АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Швеция, Ресей және кейбір өзге мемлекеттердің азаматтары үшін әзірге тек Қытай арқылы үшінші елге өтетін транзиттік сапар кезінде 10 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат берілген.
Қытай туризм академиясының сарапшысы Лю Сяньяньның айтуынша, визасыз режим тек экономикалық өсімге емес, елдің халықаралық имиджіне де оң әсер етеді.