Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 73,5 миллион теңге көлеміндегі пара ісіне қатысты үкім жарияланды. Сот үш адамды Ж., К. және О.-ны кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Egemen.kz.
2024 жылдың қыркүйек-қазан айларында ЖШС құрылтайшысы К. мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алу үшін делдал О. арқылы республикалық мемлекеттік кәсіпорын филиалының директоры Ж.-ға пара берген. Жалпы талап етілген сома 73,5 миллион теңге. Соның ішінде 12,2 миллионы нақты берілген.
Айыптаушы тарап күдіктілердің кінәсін К.-ның өзі берген жауаптармен, куәгерлердің сөздерімен және сараптама қорытындыларымен дәлелдеді. Прокурор айыптауды қолдады. Ал айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ, қорғаушылар оларды ақтауды сұрады.
Сот әр айыпталушыға бөлек жаза тағайындады:
Ж. – 11 жылға бас бостандығынан айырылды (аса ірі көлемде пара алу);
К. – 8 жылға сотталды (пара беру);
О. – 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды (делдалдық жасау).
Барлық сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Олардың жазасын жеңілдететін жағдай ретінде — кәмелетке толмаған балаларының бары ескерілді. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.