• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.58
  • EUR:
    609.36
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 08:05

Кемелер керуені

10 рет
көрсетілді

Қаланы қақ жарып жатқан Ертіс өзенімен Көк туымызды желбіретіп іркес-тіркес кемелер кетіп барады. Өскемен – бел-белестің, жосылған жота-жотаның ортасында жатқан көрікті мекен. Көрікті мекеннің күретамырындай Ертіс пен Үлбі ­жылыстайды. Сулы өңір болғанымен, кемелердің шеруі қырық жылдан бері, міне бүгін бірінші рет ұйымдастырылды.

Бұл шара туризмнің тың бастамасы десе де болады. Сонау кеңес өкіметі тұсында аудандарды байланыстырып тұрған су жолы тоқтағаны­мен, Өскемендегі өзен вокзалы маңы маңызын жойған емес. Бертін ГЭС пен Самал паркі арасында кеме жүзіп, қала тұр­ғындары мен қонақтарына қуаныш сыйлады. Күннің аптап ыстығында судың салқын самалымен серуендеу де таптырмас демалыс.

– Жаз шықса, бала-шағамыз­бен қайыққа мініп, анау ГЭС-ке дейін қыдырып қайтамыз. Сулы қалада тұр­ғанда мұндай серуеннің болуы заң­ды да. Әйтпесе, жасанды өзен­нен пайда тауып отыр­ған қа­лаларды да білеміз. Оның қа­сын­­да біздікі қолда бар байлық. Бұ­­­рындары осынау өзен вокза­лы­нан Семейге, Үлкен Нарынға ­да қа­тынап тұрдық, – дейді Өске­мен қа­ласының тұрғыны Сақып Бәсенова.

Ұлттық домбыра және су ша­­руашылығы қызметкерлері күні қарсаңында кемелер ше­руі ұйымдастырылып, туризм­ге сер­пін бергендей болды. Шараға қа­тысқан қонақтар қайыққа мі­ніп, се­руендеп қайтты. Айтулы ше­руге облыс басшылығы да ар­найы келіп қатысты.

– Су ресурстарына бай Шы­ғыс Қазақстанда кеме қатынасы қай­та жанданып, серпінді дамып ке­леді. Бүгінгі ауқымды шара – со­ның дәлелі. Келер жылы біз бұл шеруге өзге облыстар мен ше­ка­ра маңы мемлекеттерінен де қаты­сушыларды шақырамыз. Өйткені Ертіс өзені мен оның акваториясы бұған толық мүмкін­дік береді, – деді облыс әкімі Н.Сақтағанов.

Өзен вокзалы айлағында өт­кен мерекелік іс-шараға облыс ор­та­­лығының тұрғындары, арда­гер­лер мен этномәдени бір­лес­тік­тердің өкілдері де қатысты. Жас­­өс­пірімдер қоңыр домбырадан күй төгіп, әншілер қала көгінде ән әуе­летті. Өңір басшысы келесі жылы ГЭС маңында ірі кемелер шеруін өткізуге дайындық жұ­мысын бас­тауды тапсырды.

 

ӨСКЕМЕН